Орта Азия ғұламалары дін жолында өзін-өзі өлтіруді айыптап, үндеу жариялады (ФОТО)
Орта Азия ғұламалары дін жолында өзін-өзі өлтіруді айыптап, үндеу жариялады (ФОТО)
8 жыл бұрын 4029

Өткен аптада Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының ұйымдастыруымен Алматы қаласында алғаш рет «Келісім мен жасампаздық - Орталық Азиядағы Исламның дәстүрлі негізі» атты Орта Азия ғұламаларының форумы өтті. 

Бұл іс-шараға әр мемлекеттің Бас мүфтилері, беделді ғалым-теолог және имамдар қатысты. Атап айтсақ, құрметті қонақтар арасында Тәжікстан Республикасының Бас мүфтиі, шейх Саидмукаррам Абдулкодирзода бастаған делегация мүшелері, Қырғызстанның Бас мүфтиі Мақсатбек қажы Тоқтамушов, ҚР Мәдениет және спорт вице-министрі Марат Әзілханов, ҚМДБ қызметкерлері, Діни басқарманың облыстардағы өкіл имамдары, теолог-ғалымдар, ҚМДБ Ғұламалар Кеңесінің мүшелері, Республикалық ақпараттық-насихат тобының мүшелері бар.  

Форумда Қазақстан және Орталық Азиядағы біртұтас мұсылман үмметін қалыптастыру, теріс ағымдарға қарсы тұру үшін мүдделі мемлекеттердің діни бірлестіктерінің күшін бір арнаға жұмылдыру бағытында қарар қабылданып, үндеу жарияланды. Келелі кездесудің мақсаты Орта Азия елдерінің рухани құндылықтарын дамыту және нығайту, сондай-ақ, діни экстремизм және терроризм қауіп-қатеріне қарсы іс-қимылда ислам дінінің әлеуетін қолдану бойынша ұсыныстарды жетілдіру.

Сонымен қатар, Ислам ғалымдары мұсылман үмметін, жалпы халықты ортақ мәзһабымыздың мәртебесін көтеріп, қоғамда тыныштық орнату, жалпыға ортақ адамгершілік құндылықтарды насихаттау, асыл дінімізді келесі ұрпаққа дұрыс жеткізу, ортақ мәдениетіміз бен дәстүрімізді жаңғыртып, дамыту мәселелерін талқылады. Форум барысында арнайы үндеу жарияланда.

Орталық Азия ғұламалары форумының үндеуінде былай делінеді:

«Біз Ислам және бейбітшіліктің - егіз ұғым екенін айтудан және осынау ұлы ұғымдарды ұрпақ санасына сіңіруді ұдайы назарда ұстауымыз қажет.

«Бейбітшілік», «есендік», «амандық» сынды ұғымдарды білдіретін «Ислам» сөзін зорлық-зомбылық және террористік шабуылдармен байланыстыруды көздейтін топтарды қатаң айыптаймыз. Күш қолдану мен өшпенділікке жол беру - Исламға жат. Ислам - Алланың разылығын көздейтін, бейбіт, ізгі қоғам құруды мақсат тұтатын әлемдік дін.

Орталық Азияда Ислам дінінің таралуы арқылы осы өңірлердегі барлық ұлттардың ортақ құндылықтыры мен салт дәстүрлері бір арнаға тоғысты. Асыл дініміздің дамуына осы өңірдің ғұламалары айтарлықтай үлес қосты.

Атап айтқанда имам Мұхаммед әл-Бұхари, Әбу Мансұр ас-Самарқанди, Әбу Мансұр әл-Матуриди, Әбу Насыр әл-Фараби, Әбу Әли ибн Сина, Жүсіп Баласағұни, Қожа Ахмет Иасауи, әс-Сарахси, Әли ибн Осман әл-Уши сынды т.б. ғұлама-ғалымдар, ойшылдар әлемдік Ислам өркениетіне өлшеусіз үлес қосты. Осылайша Орталық Азияда исламдық дәстүрлі ағарту мектебі қалыптасты.

Орталық Азия мұсылмандарының діни жолы - Имам Ағзам Әбу Ханифа мәзһабы және имам Әбу Мансұр әл-Матуриди сенім мектебі. Осы дәстүрлі мәзһаб пен сенім мектебі діни-құқықтық мәртебесін сақтай отырып, дінде шектен шығушылардың озбырлық әрекеттеріне төтеп бере алады. 

Біз, Орталық Азия Бас мүфтилері, ғұламалары, форумға қатысушылар, барша Ислам ғалымдарын, мұсылман үмбетін, жалпы халықты төл дініміздің мәртебесін көтеріп, қоғамда тыныштық орнатуға, экстремистік және террористік әрекеттерге жол бермеуге, жалпыға ортақ адамгершілік құндылықтарды насихаттауға, дінімізді келер ұрпаққа дұрыс жеткізуге, мәдениетіміз бен дәстүрімізді жаңғыртуға белсенді үлес қосуға шақырамыз».

Алматы қаласында өткен Орталық Азия Ғұламалар форумының қарарында былай делінген:

«Ислам - адамгершілік құндылықтарға негізделген биік мәдениет пен өркениеттің діні. Ислам мәдениеті мен өркениеті он бес ғасырдан бері бүкіл адамзатты тегі мен нәсіліне қарамай қайырымдылыққа, жомарттыққа, ізгі ниеттілікке, кешірімділікке және әділдікке шақырып келеді. Ислам діні ғасырлар бойы ғылым-білім мен өркениеттің сарқылмас бұлағы екендігін әлем жұртшылығына паш етуде. Ислам діні зорлықты, зұлымдықты емес, керісінше ізгілік пен игілікті насихаттайды. Құран Кәрімнің  «Нахыл» сүресінің, 125 аятында: «Адамдарды Раббыңның жолына даналықпен және көркем үгіт арқылы шақыр әрі олармен  ең көркем түрде пікір таластыр!» - деп, бұйырылған.

Беліне жарылғыш зат байлап, бейкүнә жандарды өлтіру үшін өзіне қол жұмсайтын жанкештілер өздерін «шейітпіз» деп есептейді. Ал шын мәнінде өзін-өзі өлтіру - үлкен күнәлардың бірі. Алла Тағала бұл турасында: «Өздеріңе өздерің қол жұмсамаңдар! Шын мәнінде Алла Тағала сендерге өте рақымды», -деп бұйырады.

Біз, Орталық Азия Ғұламалары, осы форумда төмендегідей қарарды қабылдаймыз:

- ислами құндылықтардың қайнар көзі саналатын Құран Кәрім мен пайғамбарымыздың сүннетінде өзіне қол жұмсап, бейкүнә жандардың жанын қиюға қатаң тыйым салынады;

- соғыс жағдайында да соғысқа қатыспаған адамдарды өлтірудің шариғаттағы үкімі - харам;

- ислам діні тыныштық пен бейбітшілікті көздейді. Террорлық әрекеттер исламның бұл ұстанымына қайшы;

- дін атын жамылған лаңкестік әрекеттер - ислам дініне қарсы жасалып жатқан қиянат», - делінген форумда қабылданған қарарда.

Ислам - Алла разылығын көздейтін, бейбіт, ізгі қоғам құруды мақсат тұтатын  дін. Күш қолдану мен өшпенділікке жол беру - Исламға жат».

0 пікір
Мұрағат