ҚМДБ Ғұламалар кеңесінің пәтуалары
ҚМДБ Ғұламалар кеңесінің пәтуалары
9 жыл бұрын 4870 ҚМДБ баспасөз қызметі
ҚМДБ Ғұламалар кеңесі талаққа байланысты шешім шығарды

Кеше Алматы қаласында Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы жанындағы Ғұламалардың келелі кеңес барысында қоғамдағы күрделі мәселелердің бірі талаққа (ажырасуға) байланысты арнайы шешім шығарылды,-деп хабарлайды ҚМДБ баспасөз қызметі.

«Қазіргі таңда талаққа (ажырасуға) қатысты кейбір мәселелер елімізде дауға айналып отыр. Шариғатта талақ ету билігі ер кісіге берілген. Алайда белгілі бір себептер негізінде әйелдің қазиға шағымдануы арқылы да ерінен ажырасуына рұқсат беріледі. Әйелдің немесе туыстарының қазиға жүгіне отырып, ерінен мынадай жағдайларда ажырасуына құқығы бар:
1. Күйеуі белсіздік, СПИД секілді айықпас қатерлі дертке шалдыққанда;
2. Ері әйеліне нәпақа тауып бере алмаған жағдайда;
3. Күйеуі отбасын себепсіз ұзақ мерзімге тастап кеткен жағдайда;
4. Ері әйелін ұдайы денесіне із қалдыратындай ұрып-соғатын болса;
5. Ері төрт ай немесе одан да көп уақыт әйеліне жақындамауға ант ішіп, сол уақыт аралығында мүлдем жақындамайтын болса;
6. Ері әйелін «зина жасады» деп немесе «мынау менің балам емес» деп айыптап, іс қазидың құзырында қаралып, қази бір-біріне лағынет айтқызғанда;
7. Ері әйелін қараусыз қалдырып, әйеліне талақ берместен себепсіз ұзақ уақыт әурелесе.
Міне осындай жағдайлар негізінде қазиға әйел немесе туыстары шағымданған кезде қази ерлі-зайыптылардың арасына араласып, мәселенің анық-қанығына көз жеткізген соң шешім шығарады.
Ескерту:
* Екі жақтың туыстары ерлі-зайыптыларды татуластыра алмаған жағдайда ғана қазиға жүгінеді.
* Қази қызметін ҚМДБ Шариғат және пәтуа бөлімі атқарады», – делінген пәтуады.
ҚМДБ ғұламалар кеңесінің басты қызметі қазіргі таңда қоғамда туындап жатқан жаңа мәселелерге шешім, пәтуа шығарып, діни сауаттылықты арттыру. 

 

Ғұламалар кеңесі жасанды ұрықтандыруға қатысты үкім шығарды 

Еліміздегі әрбір бесінші отбасы бала сүйе алмайды. Сондықтан медициналық жолмен жасанды ұрықтандыруға барып жатады. Бұл - қоғамдағы өзекті мәселелердің бірі. Бүгін Алматыда өткен ҚМДБ ғұламалар кеңесінде аталған мәселенің шариғи үкімі талқыланып, пәтуа шығарылды.

«Медицинада жасанды ұрықтандырудың бірнеше түрі бар. Оны сырттай және іштей ұрықтандыру деп екіге бөліп қарастырсақ болады. Екеуінің арасындағы айырмашылыққа келсек, іштей ұрықтандыру әйел адамның жатырының ішінде жүзеге асады. Сырттай ұрықтандыру ер адамның ұрығы мен әйел адамның жұмыртқа клеткасы жатырдың сыртында арнайы түтікшелерде ұрықтандырылу арқылы іске асады. Бірақ екі жағдайда да баланың дамуы, өсуі жатырдың ішінде болады. 

 

Қолдан іштей ұрықтандыру тәсілі

а. Күйеуінің ұрығын әйелінің жатырына іштей ұрықтандыру арқылы орналастырады. Шариғатта бұл әдіске рұқсат берілген. Еркектің ұрығы өздігінен табиғи түрде әйелінің жатырына жете алмағандықтан осы әдіс қолданылады.

ә. Әйелді күйеуінен тыс өзге бір ер кісінің ұрығымен ұрықтандыру. Көбінесе бұл тәсіл күйеуі белсіз, яғни табиғи жолмен де жасанды жолмен де ұрықтануға келмеген жағдайда әрі оны емдеу мүмкіндігі болмаған кезде жүзеге асады. Мұндай жағдайға душар болған ерлі-зайыптылар ұрықты сатып алып бала көтеруге мәжбүр болады. Бұл тәсіл Еуропа елдерінде қатты дамыған. Арнайы ұрық сақтайтын құтыда нобель сыйлығының иегері т.б. әлемге танымал адамдардың ұрықтарын каталогтарға қойып сатады. Кімге қай саладағы адамдар қажет болса сол каталогтан керегінше таңдап алады. Бұл тәсіл толығымен шариғатқа қайшы.

Үкім:  

жоғарыда көрсетілген «іштей» және сырттай ұрықтандыру» көріністерінде  ұрық және жұмыртқа клетка ерлі-зайыптыларға тиесілі болып, әйелдің жатырына енгізілсе шариғатта  рұқсат етіледі.

бұдан өзге көріністерде тектің араласуы және «зина» ұғымы туатындықтан шариғатта тыйым салынған.

Алла Тағала адам баласын өзге жаратылыстан ардақты етіп жаратқандықтан, ол өзіне тиесілі ұрықты сатуға да, тегін беруге де құқығы жоқ», – делінген пәтуада.

 

Ғұламалар Кеңесі педофилияға қатысты пәтуа шығарды 

Алматыда ҚМДБ төрағасы, Бас мүфти Ержан қажы Малғажыұлының төрағалығымен өтіп жатқан Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы Ғұламалар Кеңесінің ІX отырысында қоғамдағы күрделі мәселелердің бірі педофилияға қатысты пәтуа шығарылды.

«Қоғам тыныштығын бұзатын бұзақылық пен арсыздыққа Алла Тағала қатаң түрде тыйым салады. Қасиетті Құранда бұл мәселе жайында мынадай аяттар бар:

«Кімде-кім кісі өлтірмеген немесе жер бетінде бұзақылық жасамаған біреуді өлтірсе, ол барлық адамды өлтіргенмен тең. Ал кім оны тірілтсе, (өлімнен құтқарса) барлық адамды тірілткенмен тең», «Жер бетінде тыныштық орнағаннан кейін бұзақылық жасамаңдар», «Алла бұзақылық етушілерді сүймейді».

Қазіргі қоғамымызда кездесіп жатқан балиғат жасына жетпеген сәби балаларымызды торуылдап қолға түсіріп, артынша жыныстық қатынас жасауға мәжбүрлеу, яғни педофилдік осы аяттар ұғымындағы бұзақылық, арсыздық ұғымына кіреді.

Құран Кәрім аяттарына түсініктеме берумен танылған әйгілі табиғин Мужаһид «жер бетінде бұзақылық жасаушыларға» былай деп түсініктеме береді:

«Бұзақылық: ол зина жасау, ұрлық жасау, адамдарды өлтіру, ұрпақ пен егістік жерлерді ойран ету, құрту».

Бұл сорақы қылмыстың мынадай зардаптары бар:

1. Бұл әрекет баланың еркінен тыс әрі қорқынышты іс болғандықтан, баланың дұрыс жетілуіне үлкен кедергі тудырады. Бәлки, өмір бойы құтыла алмайтын жыныстық ауруларға душар болуы әбден мүмкін.

2. Баланың психикасына әсер етеді. Бала психилогиялық дертке шалдығу әбден мүмкін. 

3. Жанұяның беделіне, абыройына үлкен нұқсан келтіреді.

4. Келер ұрпақтың болашағына балта шабады.

Ал, егер мұндай қылмысқа барған қылмыскер құрбандығын өлтіретін болса, сорақылығы және жазасы арта түседі.

Ал, шариғи жазасына тоқталатын болсақ, адамзат баласының жаратылысына қайшы әрі ауыр қылмыс болғандықтан жазасы да өте ауыр», – делінген пәтуада.

Естеріңізге сала кетейік, Ғұламалар Кеңесінің ІX отырысына ҚМДБ төрағасы, Бас мүфти Ержан қажы Малғажыұлы, Аппарат жетекшісі Ғылымбек Мәжиев, Алматы қаласының бас имамы Нұрбек Есмағанбет, Маңғыстау облысының бас имамы Смайыл Сейітбеков, шариғат және пәтуа бөлімі меңгерушісінің орынбасары Сансызбай Құрбанұлы, теолог-ғалымдар, ғылым докторлары – Шәмшидин Керім, Мұхитдин Исаұлы, Алау Әділбай, Мұхан Исахан, Бауыржан Әлиұлы қатысуда.

0 пікір
Мұрағат