|
Сарапшы еліміздегі ислами қаржының даму болашағына қатысты пікірін білдірді
|
Қазақстандағы ислами қаржы нарығы біртіндеп дамып келеді: алдағы 2-5 жылда 3–5%-ға өсуі мүмкін. Пәкістандағы Alhamd Shariah Advisory Services Pvt. Ltd. консалтингтік компанияның атқарушы директоры Мұхаммед Ыбырайым Есса осындай пікірін білдіріпті. Бұл жайында islam.kz порталы Forbes.kz ақпарат көзіне сілтеме жасай отырып мәлім етеді. Оның айтуынша, жергілікті ислами қаржы нарығының дамуына ықпал ететін қандай да бір ислами қаржы құралы немесе өнімі серпін беруі мүмкін. Ең алдымен ислами жинақ шоты нарықтың өркендеуіне себеп болуы ықтимал. "Ислами жинақ шоттары қазір бұл елде әзірге жоқ. Егер қандай да бір банк исламдық жинақ шотын іске қосса, менің ойымша, мұсылмандар басқа банктерден осындай шоттарға ақша аударады. Миллиардтаған доллар ислами жинақ шоттарының пайда болуын күтеді", - деп мәлімдеді сарапшы. Басқа келешегі бар бағыттар ретінде ол исламдық ипотеканы (мурабаха), исламдық автокредиттеуді немесе лизингті (ижара), сондай-ақ, исламдық сақтандыруды (такафул) атады. Оның айтуынша, Қазақстанда исламдық қаржының дамуы басқа елдерден ерекшеленеді. Бұл жерде исламдық инвестициялар мен активтерді басқару анағұрлым танымал, ал басқа мемлекеттерде исламдық қаржыландыруды дамыту әдетте банк өнімдерінің пайда болуынан басталды. Осылай деген ол Қазақстан халқы исламдық қаржы құралдары туралы әзірге жете біле бермейді, бұдан бөлек, бұл салада мамандар жетіспейді, деп есептейді. Осының бәрі исламдық қаржы нарығының дамуын баяулатады. "Адамдар исламдық қаржы дегеніміз не екенін және қандай исламдық қаржы өнімдері бар екенін білмейді. Тіпті, кейбір шариғат жөніндегі мамандар исламдық банктердің қалай жұмыс істейтінін және бұл салада қандай реттеу қолданылатынын әрдайым білмейді", - деп атап өтті сарапшы