Діні бөтен қыздың алдында хижабсыз жүруге бола ма?
Діні бөтен қыздың алдында хижабсыз жүруге бола ма?
3 жыл бұрын 8232

Әссәләмуғалейкум уә рахматуллаһи уә бәракәтуһ! Қысқаша айтқанда, мұсылман орамалдағы қыздың агностик (мұсылман емес) қазақ қызбен бір үйде тұруы дінімізде үкімі қалай? Орамалмен жүруім керек пе? Гүлдариға.

Уағалейкумуссәләм уә рахматуллаһи уә бәракәтуһ!

Құрметті сауал жолдаушы, Ислам шариғатында мұсылман әйелдің мұсылман емес әйелдердің алдында шәриғат шәлісін шешіп жүруі құп көрілмеген. Құдды бөтен еркектің алдында қалайша хижаб киіп жүруі керек болса, діні бөтен немесе мүлдем құдайға сенбейтін бір әйелдің алдында да хижаб киіп жүруі шарт. Ал кімнің алдында хижабсыз жүруге болатындығын баяндаған «Нұр» сүресінінің 31 аятындағы «نِسَائِهِنَّ - әйелдерге...» сөзіне Ислам ғалымдары «мұсылман әйелдері...» деп тәпсір жасаған. Яғни, мұсылман әйелдерінің қасында хижабсыз жүре алады, ал мұсылман еместердің алдында хижабпен жүру керек дейді.

Бұл – Ханафи, Мәлики және Шәфиғи мәзхабтары бойынша. Мысалы, Ханафи фиқһ кітаптарында осыған байланысты былай делінеді:

«Зимми әйел – (хижаб мәселесінде) бөтен еркек тәрізді, оның мұсылман әйелдің денесіне қарауына болмайды»[1].

(Зимми – мұсылман жұртшылығында тұратын діні бөтен адам).

Бірақ, деректерге қарағанда, аталмыш мәселеде Ханбали мәзхабы ғалымдары жеңілдік жасаған. Ханбали ғалымдарының пайымынша, мұсылман әйелдің мұсылман емес әйелдердің алдында да хижабсыз жүруіне рұқсат, алайда, егер ол әйелдің өз еріне ол жайында әңгіме қозғайтындығынан қауіптенсе, онда оның алдында хижаб кигені дұрыс делінген. Ал, «Нұр» сүресіндегі «Әйелдерге көрсетуге болады...» деген сөз – мұсылман емес әйелдерді де қамтып тұр деп пайымдаған[2] 

Бүгінде, Ханбали мәзхабын арқау ететін бірен-саран дін мамандары: "егер фитна (бүлік) туындамайтын болса, мұсылман емес әйелдің алдында хижабсыз жүруге рұқсат" деген пікір айтады.  

Қорытынды

Сіздің жағдайға қарасты айтарымыз, діндар мұсылман қыздың мүмкіндігінше өзі секілді мұсылман қыздармен тұрғаны абзал. Ал, оған еш ыңғайы келмей жатса, мысалы, студент болып, жатақханада тұрып жатса немесе мысалы интеллектуалды спорт жарыстарына жіберілсе т.б. осы сияқты жағдайларда мұсылман емес қызбен бір бөлмеде тұруға мәжбүр болып жатса, онда амал жоқ «мұсылман емес әйелдің алдында да хижаб кимесе болады» дейтін кейбір Ислам ғалымдарының тұжырымына сай амал етуінің күнәсі жоқ деген пікірдеміз. Алла Тағала пендесіне тек күші жететін нәрсені міндеттейді. (Мұсылман емес, бірақ туыс әпке-сіңлілерінің алдында хижабсыз жүре алады). 

Ендігі жерде, қазақ ұлты әлмисақтан бері мұсылман екені даусыз. Сондықтан да, қасыңыздағы қыздың «агностикпін» деп айтқанымен, мұсылманшылық әрбір қазақтың қанында бар нәрсе. Сол себепті, оған мүмкіндігіңізше мұсылманшылық жолды жақсы жағынан көрсетіп, ыңғайы келсе, Жаратушы Иенің бар екендігін, бір екендігін, Құран хақ, Исламның ақиқат екендігін айтып, оны дұрыс бағытқа салуға тырысқаныңыз абзал.

Ең дұрысы - Аллаға мәлім!


[1] Ибн Ғабидин: «Раддуль Мұхтар». 9/534 бет.
[2] Әл-Мәрдәуи әл-Хәнбәли: «әл-Инсаф».

Абдусамат Қасым