Зекет берерде меншігімдегі мал мен ақшаны қосып есептеуім керек пе?
Зекет берерде меншігімдегі мал мен ақшаны қосып есептеуім керек пе?
3 жыл бұрын 3489

Ассалаумағаликум! Зекет беру жайлы сұрақ бар еді, үш үлкен түйем бар, және біраз ақшалай жинағым бар, зекетті қалай есептеймін, түйелер нисабқа жетпейді, ал ақшам жетеді, қайсысынан беремін, әлде барлығын қосып есептеу керек пе? Сахаба.

Уағалейкумуссәләм уә рахматуллаһи уә бәракәтуһ! 

Зекетте әр түрлі топқа жататын дүниелер бір-бірінің нисабын толықтырмайды. Мәселен, төрт түлік малдың нисабын шығарарда бір-біріне қосып есептелмейді. Өйткені олар бөлек-бөлек мал түрлері. Мысалы, қой мен ешкіні қосып есептеуге болады, себебі ол екеуі бір түрдегі малдар. Ал сиыр мен қойды қосып есептеуге болмайды, өйткені екеуі – екі бөлек мал тобына жатады.

Сондықтан да, сіздегі түйе мен ақша екеуі екі түрлі дүние болғандықтан, зекет есептейтін кезде бір-біріне қосып есептемейсіз. Түйе өз алдына есептеледі, ақша өз алдына есептелуі керек. Егер түйе малының нисабы жетпесе, нисабқа жеткенше одан зекет берілмейді. Сонда сіз тек ақшаңыздың зекетін бересіз.

Бірақ, егер, ол түйеңіз о баста алып-сату үшін, яғни, сауда үшін алынған болса, ол кезде, ол сауда тауары есебінде болып, ақшаңызға қосып есептелінеді. Олай болған жағдайда екеуін қосқандағы шыққан сомманың 2,5 пайызын зекет ретінде бересіз.

Осы орайда, айта кетелік: зекет малы нисаб мөлшеріне жеткеннен кейін, содан бастап есептегенде бір қамари жыл өтуі керек. Нисаб мөлшеріне жетсе де, бір жыл толмай зекет беру парыз болмайды.

Нисаб деген не? 

«Нисаб» деген - меншігіндегі мал-мүлкінен зекет беру міндеттілігі туындау үшін болуы керек қажетті мөлшер. Мысалы, алтынның нисаб мөлшері - 85-90 грамм алтын. Егер, алтынның мөлшері оған жетпесе, одан зекет беру міндет емес деген сөз. Қойдың нисаб мөлшері - 40 қой. Демек, қырықтан аз қойдан зекет беру міндеттілігі туындамайды т.б.

 

 

Абдусамат Қасым