Хайыз уақытында "аятуль курсиді" дұға ниетімен оқуға бола ма?
Хайыз уақытында "аятуль курсиді" дұға ниетімен оқуға бола ма?
7 ай бұрын 2119

"Аятуль курсиды" дұга ретінде окуға бола ма, хайз кезинде? Асемай.

Сәлеметсіз бе!

Хайыз, нифас және жүніп кездерде Құран Кәрімді тыссыз ұстауға да, Құран аяттарын жатқа оқуға да болмайды. Ол жайында Пайғамбарымыздан (с.а.у.) жеткен бір хадисте: «Хайыз келген әйел де, ғұсылы бұзылған жүніп те, Құраннан еш нәрсе оқи алмайды», - делінген[1].

Әйтсе де, Ханафи ғалымдары аталмыш хадиске: «Егер Құран оқу ниетімен оқыса болмайды, ал зікір ниетімен және Аллаға мақтау оқу ниетімен оқыса, ағаттығы жоқ» деп түсініктеме береді[2].

Ханафи ғалымдарын «барлық аятты зікір ниетімен оқыса бола бере ме?» деген де ой мазалаған. Соған орай, біраз ғалымдар «хайыз кезінде қысқа аяттарды ғана зікір-тәспих ниетімен оқуға болады, ал ұзын аяттарды ондай ниетпен болса да оқуға болмайды» десе[3], кей ғалымдар "ұзын болсын, қысқа болсын Құран оқу емес, Алланың зікір ету, оған хамд-сәнә айту ниетімен кейбір зікір аяттарды оқыса да зияны жоқ" деп пікір білдірген[4].

Осы тұрғыда, дұға мазмұндас аяттарды дұға ниетімен оқудың ағаттығы жоқ. Мысалы, «Фәтиха» сүресін, «Раббанә әтина» аяты т.б. дұға мазмұндас аяттарды хайыз, нифас және жүніп кездерде дұға-тілек ниетімен оқуға болады.

Ендеше, кейбір ғалымдар бойынша хайыз кезінде «Аятуль Курсиді» зікір және Алланы мадақтау ниетімен оқуға болады, ал кейбір ғалымдар бойынша аталмыш аят ұзын әрі дұға мазмұндас болмағандықтан ондай ниетпен болса да оқуға болмайды. Ең дұрысы – Аллаға мәлім! 


[1] Ибн Мәжә: «Сүнән»; Имам Бәйһақи: «Сүнәнуль Күбра».
[2] Бәдруддин әл-Айни: «әл-Биная шәрхуль Һидая»; «әл-Мұхитуль Бұрһани» т.б.
[3] Ибн Ғабидин: «Мәжмуъатур Расаил». 111 бет.
[4] Ибн Ғабидин: «Мәжмуъатур Расаил». 111 бет.

Абдусамат Қасым