Хайыздың келуі 10 күннен асса...
Хайыздың келуі 10 күннен асса...
2 жыл бұрын 5717

Хайыздың келуі 10 күннен асып кетсе, күйеуімен қосылуға бола ма?

Шариғат бойынша хайыздың ең аз келу уақыты үш күн. Ең көп келу уақыты он күн. Үш күннен аз уақыт келіп, тоқтап қалған қан хайыз емес, «истихаза» қаны саналады. Сондай-ақ, он күннен асқан қан да хайыз қаны емес, ол да истихаза қаны саналады. Истихаза қаны – үзір қаны есебінде болғандықтан, истихаза жағдайында әйел кісілер намаз оқиды, Рамазан айы болса ораза ұстайды және күйеуімен қатынасқа түсе алады1

Ендеше, сіздің жағдайда да хайыздың келуі он күннен асып отырғандықтан, ол үзір қаны саналады, күйеуіңізбен төсек қатынасына түсуіңізге болады. Ғұсылданып намазыңызды да оқисыз. 

Осы орайда айта кететін маңызды нәрсе бар. Егер жайшылықта белгілі күндері келіп тоқтап қалатын ай сайынғы «әдетке айналған күндеріңіз» бар болса, бұл жолы - сол ай сайынғы әдет күндеріңізді хайыз санап, одан артығын үзір қаны ретінде есептейсіз. Сәйкесінше, әдет күндеріңізден былайғы күндердегі оқымаған намаздарыңыздың қазасын өтеу керек болады2.

1Имам Құдури: «әл-Китәб» - әлхайд.
2«Жәуһәрәтун ниро ъаля мұхтәсариль Құдури».

Абдусамат Қасым