Ассаляму алейкум! Тек әйелдер жаттығатын залда орамалсыз жүруге бола ма? Негізі халал фитнес-клуб деп айтылады, бірақ келушілердің бәрі мұсылман немесе мұсылман емес екендігін білмеймін.
|
Тек әйелдер жаттығатын фитнес-залда хижабсыз жүрсе бола ма?
|
Уағалейкумуссәләм уә рахматуллаһи уә бәракәтуһ!
Алдымен айта кету керек, үш мәзхабта мұсылман әйел діні бөтен әйелдің алдында хижабын шешпеуі керек делінген. Әйтсе де, Ханбали мәзхабында, бұл мәселеге жеңіл қарайды. Ол мәзхабта, егер фитна (бүлік, оғаш тірлік) туындамаса және діні бөтен әйелдер көргендерін күйеулерімен бөліспейтіндігі сенімді болса, мұсылман әйел олардың (діні бөтен әйелдердің) алдында да хижабсыз жүре алады дейді олар. (Уәһбәту Зуһәйли: "әл-Фиқһуль Исләми").
Бұнымен қатар хадисте: «қайсы әйел баласы өз үйінен өзге жерде шешінсе, Алла мен оның арасындағы пердені жыртқан болады» делінген. (Тирмизи, «Сүнән»).
Бұл хадистегі үкімді кей ғалымдарымыз тіке түсініп: «қажеттілік тумаса, әйел баласының үйінен өзге жерде шешінуі құп емес»дейді. Ал кей ғалымдарымыз хадистегі үкімді: «зина жасау мақсатында шешінген әйел...» деп түсіне отырып: «мұсылман әйел өзге әйелдердің арасында киімдерін шеше алады, бірақ әурет (кіндік пен тізе арасы) жерлерін жабуы тиіс, ол жағдайда хадистегі тыйымның аясына кірмейді» деген. (Имам Мәнәуи рахимаһуллаһ).
Ендеше, әйелдерге арналған «фитнес-клубқа» бару кейбір шарттарға сүйенеді. Атап айтсақ:
-
Күйеуінің рұқсатының болуы. (Күйеуінің рұқсатынсыз баруы күнә, хадисте «қайта оралғанға дейін періштелер лағынет оқиды» делінеді. Табарани).
-
Әйелдерге арналған жер болуы тиіс,
-
Діні бөтен әйелдердің алдында лаж болса, денесінің барлық жері жабық болу.
-
Қазіргі таңда барлық жер бейнебақылаумен жабдықталғандықтан, киім ауыстырып кигенде де сақтық керек.
-
Үй шаруалары сияқты жеке міндеттемелері екінші планға қойылмаған болуы тиіс, себебі ол - отбасыда ұрысқа алып келуі мүмкін, ұрыс-керіс ажырасуға жетелейді. Діни қағида бойынша: «Жамандықты алыстату – жақсылықты жақындатудан әуелі келеді». Бұл дегеніміз, отбасының беріктігі әмәндә бірінші кезекте тұруы тиіс деген сөз.
Аллаһу аъләм! Ең дұрысы – Аллаға мәлім!