Алла пендеге таңдау еркіндігін берген бе?
Алла пендеге таңдау еркіндігін берген бе?
10 жыл бұрын 11976

Алла Тағала бізге таңдау еркіндігін берді ме ?  Махамбет Туримов

Құрметті Махамбет, «пенденің таңдау еркіндігіне» қатысты мәселе өз алдына үлкен тақырып. Кәләм (теология) ғұламалары оны «Әфъалул ъибад-Адамдардың іс-әрекеті» деген арнайы бөлімде терең талқылаған. Біз бұл жерде қысқаша жауап беруге тырысайық.

Адам баласына ақыл және таңдау еркіндігі берілген. Ақыл арқылы адам жақсы мен жаманның ара жігін айырады. Ал таңдау арқылы - қандай да бір істі өз ықтиярымен орындайды. Бұл екі сипат болмаған жағдайда, шариғи бұйрықтар мен тыйымдардың мәнісі қалмайды. 

Алла тағала Құран Кәрімде былай деген: «Адамға жақсылығы мен жамандығын ұғындырған Алламен ант етемін»[1].

Тағы бір аятта: «Кім жақсылық жасаса, өзі үшін. Кім жамандық жасаса ол да өзі үшін. Раббың құлдарына зұлымдық істеуші емес»[2], - делінеді.

Кәһф сүресінде: «Оларға айт: Бұл ақиқат (Құран) Раббыларыңнан. Қалаған сенсін, қаламаған сенбесін...»[3], - дейді.

Адам баласы саналы түрде ойлап, бойына біткен қалау еркіндігін пайдалану арқылы бір істі жасауға оқталғанда,  Алла тағала оған сол істі жүзеге асыратын күш-қуат жаратады. Оны Кәләм ғылымында «Құдірет» немесе «Иститаъа» дейді. Тарқатып айтар болсақ, жақсы істі қалап, оны орындауға оқталсақ, Жаратушымыз разы болған күйі сол мезетте бойымызға күш-қуат дарытады. Жаман істі жасауды қалап, соны істеуге іштей оқталсақ та, разы болмаған күйі бойымызға күш-қуат дарытады. Осылайша   қалауымызға қарай, сауапқа кенелеміз немесе күнәға батамыз[4].  

Бойға біткен күш-қуатты пайдаланып, өз ықтиярымызбен орындаған іс-әрекетті кәләм ғылымында «кәсб» дейді. Ол іс-әрекетті жарататын - Алла тағала. Өйткені Құранда: «Алла тағала сендерді де, істеген істеріңді де жаратты»,- дейді[5]. Яғни, қалаған ісімізді жарататын Алла, ал оны орындаушы пенде.

Сондай-ақ, ғалымдар іс-әрекетті екі топқа бөлген:

Біріншісі – Адамның күш-қуатынан тыс және таңдау еркіндігіне қатысы жоқ іс-әрекеттер. Мысалы, жүректің соғысы, жаураған кезде - дірілдеуі, су ішпеген жағдайда - шөлдеуі, ұл немесе қыз болып дүниеге келуі  т.б. 

Екіншісі – Өзінің таңдау еркіндігіне сай және бойға біткен күш-қуатын қолдануы арқылы туындайтын іс-әрекеттер[6].  Мысалы, ас ішу, бір жерге бару, күнә немесе сауапты іс жасау т.б. Іс-әрекеттің екі түрін де жоқтан бар етуші - Алла тағала. 

Сөз соңында, Имам Ағзам Әбу Ханифаның бұған қатысты айтқан мынадай сөзін келтірейік. Ұлық Имам былай дейді: «Алла тағала жаратылыстың ешқайсысын кәпір немесе мұсылман болуға мәжбүрлеген жоқ. Және олардың бірін кәпір, бірін мұсылман етіп те жаратқан жоқ. Оларды күпірлікті немесе иман етуді таңдай алатындай қабілетті етіп жаратты. Иман ету немесе кәпір болу – адамның (таңдау еркіндегі) ісі...»[7, 8].

[1] Шамс сүресі.
[2] Фуссилат сүресі – №46 аят.
[3] Кәһф сүресі -№29 аят.
[4] Тафтазани: Ъақидатун Насафия  - 62 бет.
[5] Саффат сүресі – №96 аят.
[6] Нуриддин ас-Сабуни: әл-Бидаяту фил Усулид дин – әл-Қаулу фи Халқи Афъалил Ъибад – 64 бет.; ән-Нәсәфи – Табсира.
[7] Фиқһул Әкбәр – 154 бет., 147 бет, Алиюл Қаридің шархы.
[8] Фиқһул Әкбәр – 147 бет. Алиюл Қаридің шархы. 

Абдусамат Қасым