Алла Тағала Мұса пайғамбарға (ғ.с.) қалай тіл қатты?
Алла Тағала Мұса пайғамбарға (ғ.с.) қалай тіл қатты?
30 күн бұрын 1904

Алла Тағала Мұса пайғамбарға (ғ.с.) қалай тіл қатты?

Алла Тағала «Мүтәкәллим» сөйлеуші. Оның «кәләм» сипаты кейіннен жаратылмаған, әзәли, өзі секілді мәңгі. Және де Алла Тағаланың сөйлеуі біздердегідей әріптерден немесе дыбыстардан тұрмайды. 

Сондықтан да, Мұса пайғамбар ғ.с. Алла Тағаламен тілдескен кезде, Алланың ақиқи мағынада сөзін естімеді. Алла Тағаланың «қадим» болып табылатын «кәләмі» жаратылыстарға естілмейді. Ол (Мұса) Алла Тағаланың сөзін білдірер дауысты естіді. Алла Тағала Мұса пайғамбарға сөйлейтін кезде, оның сөзін білдірер дауыс жаратып, оны Мұсаға естіртті. 

Имам Мәтуриди (р.а.) өзінің тәпсір кітабында «Алла Мұсаға тіл қатты» деген аятты тәпсірлей келе былай дейді:

«Біз оның қалай болғанын білмейміз. Бір білеріміз, Алла Тағала одан бұрын болмаған дауыс жаратып, оны Мұсаға естіртті. Өйткені Алла Тағаланың әзәлден бері сипатталып келген «Кәләм» сипаты - жаратылыстардағыдай әріптерден, махраждардан, дауыстан т.б. тұрмайды»1. 

Мәтуриди мәзхабында Алланың «Кәләм» (сөйлеу) сипаты - мәңгі, бастауы жоқ, соңы жоқ, кейіннен жаратылмаған және ол әріптерден, дыбыстардан тұрмайды. Осыдан келіп «Құран жаратылмаған» деген сенім шығады. Құран Кәрім - Алла Тағаланың «кәләмі» (сөйлеген сөзі) және сипаты. Алланың кәләмі болғандықтан жаратылмаған. Алла Тағала Құранды, яғни, өзінің сөзін Жебірейіл періштеге естіртер кезде, Өзінің қасиетті сөзін білдірер «әріптер» мен «дыбыстар» жаратып, оны Жебірейіл періштеге естіртті. Жебірейіл періште жадында сақтап, аят пен сүрелерді Мұхаммед пайғамбарға уахи жолымен жеткізіп отырды2.

(Алла Тағала Құранды түгел ең әууелі «Лаухуль махфуздан» алып, дүние аспанындағы «бәйтуль-ъиззә»ға (қадірлі үй) бірдестен бәрін түгел түсірді. Одан соң, сол жерден (Бәйтуль-ъиззәдан) Жебірейіл періште (ғ.с.) Алланың бұйыруымен, қажет кезде және қажетті аяттар мен сүрелерді бөлім-бөлім жиырма үш жылда жеткізіп отырды).

Абдусамат Қасым


1  Имам Мәтуриди: «Тәуиләт Әһли Сунна». Ниса, 165 аят.
2  Имам Нәсәфи: «Бәхруль Кәләм». 130-131 бет.