Әзіреті Адам мен Хауа ана өмір сүрген пейіш жер бетінде орналасқан ба еді, әлде көкте ме?
Әзіреті Адам мен Хауа ана өмір сүрген пейіш жер бетінде орналасқан ба еді, әлде көкте ме?
4 ай бұрын 1553

Адам ата мен Хауа ана алғашқы өмір сүріп, кейін қуылған жәннат жерде болған ба,әлде көктегі келешек мұсылмандар өмір сүретін мәңгі жәннат па?

Бисмилләһир рахманир рахим

Ислам ақидасында қабыл етілген сенім бойынша, Адам ата мен Хауа ана өмір сүрген пейіш көктегі пейіш болған, яғни, ана өмірде мүміндер мәңгі-бақи өмір сүрер орын.

«Бұл - дін ғалымдарының басым көпшілігінің қабыл еткен көзқарас, өйткені аяттар мен хадистердің ашық беткі мағынасы анық осыны ұқтырады» -

- дейді тәпсірші ғұлама Ибн Кәсир (рахимаһуллаһ).

Десе де, ескілікті дін ғалымдарының арасында: «Адам ата мен Хауаның өмір сүріп, кейін қуылған пейіш көктегі пейіш емес, ол жерде орналасқан арнайы әзірленген бақша еді» деген батыл көзқарас білдіргендер де болған. Мұндай көзқарас - сахабалардан Үбәй ибн Кәъбқа, Абдулла ибн Аббасқа, табиғиндерден Уәһб ибн Мүнәббиһке, әтбәъут тәбиғиндерден Суфян ибн Ъуяйнәға, тіпті кейбір риуаятта Әбу Ханифаға да тән етіледі1.

Әйтсе де, көпшілік дін ғұламалары тарапынан бұл екінші көзқарас қолдау көрмеген және Ислам сенім-негізінде бірінші көзқарас негізге алынады.

Аллаһу аъләм! Әлхамдулилләһи Раббиль аләмин!


1Ибн Кәсир (рахимаһуллаһ): «Қисасуль Әнбия», 1\16. – «Хольқу Әдәм ғалейһиссәләм»

Абдусамат Қасым