Дін жетпеген жабайы адамдардың о дүниедегі жағдайы не болады?
Дін жетпеген жабайы адамдардың о дүниедегі жағдайы не болады?
5 жыл бұрын 13606

Ассалам алейкум! Бір бауырым сұрап еді. Мына дүниеде дін жетпеген жабайы адамдар барғой орманда өмір сүретін,  солардың жағдайлары қалай болады?Қадіржан Құрамысов.

Уағалейкумуссәләм уә рахматуллаһи уә бәракәтуһ!

Матуриди мәзхабының белді ғұламаларынан Әбу Муъин ән-Нәсәфи өзінің «Бәхруль Кәләм» атты ақида кітабында[1]: «Раббысын танымайтын ақыл-ойы бар әлдекімге уахи жетпеген болса, ол үзірлі болып санала ма, әлде саналмай ма?» деген сауалға былай деп жауап береді:

«Бізде ол үзірлі саналмайды. Ондай адам (ақылы бар адам) әлемнің Жаратушысы бар екендігін ақылымен зерделеуі керек. Мәселен, ақылдарымен зерделей отырып, былай деген Асхабуль Кәһф[2] сияқты: «Біздің Раббымыз – көктер мен жердің раббысы»[3].  Және Ибраһим ғалейһиссәләм сияқты: «Және ол (Ибраһим) шыққан күнді көргенде: «Осы менің – Раббым. Мынау үлкенірек» деді. Ол (яғни, күн) батқан сәтте: «Әй қаумым! Расында мен, сендердің Аллаға ортақ қосқан нәрселеріңнен бездім» деді»[4].

Әшғарилер және Ханбалилерден бір топ айтады: «Ондай адам (уахи жетпеген адам) үзірлі саналады. Оған ақылымен зерделеуі уәжіп емес (ақылымен зерделеп, бір Жаратушының бар екендігін танып-білуі уәжіп емес)» дейді олар. Олардың сүйенген дәлелдері Алла Тағаланың мына сөзінің сыртқы мағынасы: «Біз бір пайғамбар жібермейінше, азап етуші емеспіз»[5].

Сондай-ақ, «Дағуат (яғни, Исламға шақыру) жетпеген  әлдекім кәпір болған күйі өліп кетсе, кейін ол жазалана ма, әлде жазаланбай ма?» деген сауалға Мәтуриди ғалымы Имам Сабуни Әбу Ханифаның сөзін келтіре отырып жауап береді:

««әл-Мүнтәқо» атты кітапта әл-Хәким әш-Шәһид Әбу Ханифаның мына сөзін келтірген. Әбу Ханифа (р.а.) былай деген: «Жаратушысын білмегендігі үшін ешкімге үзір (кешірім) жоқ. Өйткені, аспан мен жердің жаратылысына, өзінің жаратылысына жəне жалпы жаратылыстарға қарап, Раббысын біле алады». 

Осыған қатысты Имам Ағзамның былай дегендігі де келтіріледі: «Алла Тағала ешбір пайғамбар жібермесе де халық өз ақылдарымен Раббыларын танып-білулері керек»[6].

Демек, дін жетпей өліп кеткен жабайы адамдардың о дүниедегі жағдайларын Мәтуриди мәзхабы негізінде айтар болсақ: зерттеп-зерделейтіндей ақыл-ойлары болса, олар Исламның бұйрықтары мен тыйымдарынан сұралмаса да, бір Жаратушының бар екендігін ақылдарымен танып-білмегендері үшін жауапқа тартылады. Оларға діннің жетпеуі үзір емес. Бұл Мəтуриди мəзхабы бойынша.

Ал, Әшғари мәзхабына қарағанда, ондай жағдайдағы адамдар о дүниеде жауапқа тартылмайды.


[1] Әбу Муъин ән-Нәсәфи: Бәхруль Кәләм. 82 бет.
[2] Құранда айтылып өткен жас жігіттер. Олар бір Аллаға деген сенімдері үшін қуғынға ұшырап, бір үңгірді паналайды. Сондықтан оларды «Асхабуль Кәһф» деп атаған, «Үңгір тұрғындары» деген мағынады. Алланың қалауымен олар сол үңгірде 309 жыл бойы ұйқыда болады. Ол жайында «Кәһф» сүресінде баян етіледі.
[3] Кәһф сүресі, 14 аят.
[4] Әнғам сүресі, 78 аят. Аяттың жалғасы: «Мен Ханиф болған күйі бетіді көктер мен жерді жаратқан Аллаға бұрдым. Және мен ортақ қосушылардан емеспін» деді». Осылайша, Ибраһим ғалейһиссәләм о баста Алланың барлығын, бірлігін ақылын жүгірте отырып, тапқан.
[5] Исра сүресі, 15 аят.
[7] Имам Нуруддин ас-Сабуни: әл-Бидая филь Кифәя. 155 бет.

Абдусамат Қасым