Сәлеметсіздер ме! Кешіріңіздер, "не стандартный" сұрақ қойсам. Жақында Дженнифер Лопестің концерті өтті. Билетінің құны удай. Десе де, қазынаға да пайда түскен ұқсайды. Қоғам екіге жарылды, біреулер құптап жатса, біреулер Абай атамыздың мерейтойына тұспа-тұс келген бұл концертті, сынауда. Бұған дін не дейді екен? Ондай жартылай жалаңаш сахнада өнер көрсететін жұлдыздың концертіне удай ақша төлеп баруға қатысты не айтасыздар? Жұлдызай (әлеуметтік желіден келген сауал).
|
Дженнифер Лопестің концертіне билет алып, баруға дін не дейді?
|
Құрметті сауал жолдаушы!
Тоқ етерін айтқанда, Дженнифер Лопестің концертіне удай ақшаға билет алу - бекер мал шашпақ, ысырап болып табылады. Ысырап жасау дінде харам, ауыр күнә. Билетке сонша ақша жұмсағанша, сол ақшаны жағдайы төмен жақыныңызға, тіптен болмаса көше сыпырып, күнін зорға көріп жүрген мұсылманға берсеңіз, өмірбақи дұғасында боласыз. Екіншіден, бөтен әйелдің жартылай жалаңаш денесіне сұқтану – тағы бір ауыр күнәлардың бірі. Дінімізде, бөтен әйелдің жартылай жалаңаш денесіне қарау былай тұрсын, хижабтағы қыздың өзіне сұқтанып қарама дейді.
Ендеше, сөздің ашығы сол, қай жөнінен қарасақ та Дженнифер Лопес т.б. сол тәрізді билеті удай және жартылай жалаңаш өнер көрсететін жұлдыздардың концертіне бару діни тұрғыда харам, күнә болып есептеледі. Қазақ менталитетінде "киелі сахна" деген түсінік бар. Осы сөз сахнаның өзіндік әдебі мен моральдық этикасы болуы керек екендігін түсіндіреді. Ал жартылай жалаңаштанып, жын-ойнақ өткізу - аталмыш түсініктің тасталқанын шығарар әрекет екені айтпасақ та белгілі. Өкініштісі сол, мұндай қылықтар қазіргі мұсылман қоғамының түйсігінде тұрпайылық емес, керісінше нормаға айналып үлгерген. Бұл болса, моральдық тұрғыда дегродацияға ұшырау үстінде екенімізге қауіпті сигнал.
Алла Тағала тауфиқ берсін!
Абдусамат Қасым