Жұлдызнамада берілген мінездемеге сенуге бола ма?
Жұлдызнамада берілген мінездемеге сенуге бола ма?
8 жыл бұрын 11339

Жұлдыз жорамалдағы сипатталған әр адамның мінездемесін оқуға бола ма? Және сол сипаттамаға сенуге бола ма? Фариза.

Құрметті Фариза, бұрынырақ жазылған бір жазбамызда кеңдеу айтып өткеніміздей, жұлдыз жорамалға сеніп, күнделікті іс-қимылымызды сондағы айтылғанға сай реттеп отыру – күнә. Ешқандай ғылыми негізі жоқ, тәжірибеге сүйенбейтін жұлдызнаманы балгерліктің бір түрі десек қателеспеспіз. Оның үстіне, Пайғамбарымыз (с.а.у.) өзінің бір сөзінде: «Кімде-кім, жұлдыздан қандай да бір мәлімет алған болса (яғни, астрология ғылымының мәліметіне сүйенетін болса), онысы сиқыр ілімінен мәлімет алғанмен тең. Тереңдей түскен сайын, күнәсі да арта береді», - деген[1].   

Ал, енді жұлдызнамада берілген мінездемелерге сенуге бола ма?

Жұлдызнамадағы сипаттамаларды оқып, сай келген мінездемені мақұл көріп жатсаңыз, «бал ашу», «ғайыптан хабар беру» болмағандықтан, харам деп айту қиын. Аллаһу аълям. Бірақ, жазылған сипаттамаға имандай сеніп, әлдебіреулерді тану үшін оны негізге алу қателік. Ол жалпылама статистикаға сүйеніп жасалған тұжырым. Және, бір астрологтың берген мінездемесін, келесісі жоққа шығаруы мүмкін. Бұнымен қатар, берілген мінездемелерді бәріне бірдей сәйкес келеді деп те айта алмаймыз.

Олай болса, мұсылман кісінің дүниесіне не ақіретіне пайдасы жоқ нәрселерден бойын аулақ ұстағаны дұрыс. Құранда: «Мүміндер – бос нәрселерден бойларын ұзақ ұстайды»[2], - делінген. Сондықтан да, әлгіндей байлауы жоқ нәрселерді оқып уақыт сарп еткеннен гөрі, арнайы адам мінезін зерттейтін психология саласын оқығаны дұрысырақ.


[1] Әбу Дәуід.
[2] Муминун сүресі, 3-аят.

Абдусамат Қасым