Жын мен шайтанға сенбейтін адам мұсылман ба?
Жын мен шайтанға сенбейтін адам мұсылман ба?
1 жыл бұрын 4053

Жын мен шайтанға сенбейтін адам мұсылман ба? Нұрлыбек

Бисмилләһир рахманир рахим

Қасиетті Құран Кәрімде айтылған саналы жаратылыстар үшеу:

  • 1) Адамдар.
  • 2) Періштелер.
  • 3) Жындар.

«Жын» сөзі араб тіліндегі «көзге көрінбейтін», «жасырылған» деген мағынадағы «жәннә» етістігінен туындаған. Жындар адамдарға көрінбейтін, адамдар үшін құпияға толы жаратылыстар болғандықтан, оларға «жын» деген атау берілген. Жындар түрлі бейнелерге кіруі мүмкін, мысалы, адамның, хайуанның, жәндіктердің1

«Жын» деп аталатын көзге көрінбейтін тылсым бір жаратылыстардың бар екендігін айғақтайтын Құран Кәрімде ашық аяттар бар. Тіпті қасиетті кітапта «Жын» деген арнайы сүре де бар. Және де Пайғамбарымыздың (с.а.у.) көптеген хадистерінде де жындар жайында ашық сөз етіледі. Мұның бәрі «жындар» әлемінің барлығына айғақ. Ал жындарды жоққа шығару, әрине Құрандағы ашық аяттарды жоққа шығарумен тең. Бұл күпірлікті тудыратын әбестік. Бұнымен қатар, аяттарды мойындап, бірақ ондағы «жын» сөзіне басқаша мағына беріп, ондағы айтылғанның «жын» емес екендігін дәлелдеуге тырысатындар да бар. Бұндай ұстаным ашық аят-хадистердегі мәліметтерге қайшы ұстаным, Әһлу сунна жолына теріс жол.

Кітаптарда жындарды жоққа шығарушылардың үкімі жайында былай айтылған:

«Жындардың бар екендігі - Құран және сүннетпен айғақталған дүние, сондай-ақ, оның солай екендігіне бүкіл ғұламалар ижма еткен (бірауыздан мақұлдаған). Ал жынның барын жоққа шығару - діндегі бұлтартпас дәлелмен бекітілген дүниені жоққа шыгару болып табылатындықтан, күпірлік болып есептеледі»2.

Имам Шиһәбуддин әл-Әлуси (р.а.) есімді атақты Ислам ғұламасы өзінің «Рухуль баян» атты тәпсір кітабында «жындардың ақиқат екендігін жоққа шығару, ашық күпірлік болып табылады, онда талас жоқ» деп айтқан3.

Ендеше, әлдебір мұсылманның жындардың барын жоққа шығаруы – аят пен хадистерде ашық айтылған мәліметті жоққа шығару болып саналатындықтан, мұсылманшылығына көлеңке түсіреді. 

Ең дұрысы - Аллаға мәлім! Әлхамдулилләһи Раббиль аләмин! 


1  «Жындар әлемі жайында бірер сөз»
2  «әл-Мәусуғатуль Фиқһиятуль Куәйтия». 16/91.
3  Имам Әлуси: «Рухуль Баян», «Жын» сүресінің тәпсірі.

Абдусамат Қасым