Келінді терезеден кіргізу ырымының негізі бар ма?
Келінді терезеден кіргізу ырымының негізі бар ма?
6 жыл бұрын 7068

Саламатсыз ба! Сұрайын дегенім, бір үйге екі бірдей келін түсірсе, біреуін терезеден кіргізу керек екен. Сол қаншалықты шын ырымға жатады? Сенімге бола ма? Жауап берсеңіз екен! Рақмет.  

Сәлеметсіз бе!

Қасиетті Құранда, «Бақара» сүресі, 189 аятында былай делінеді:

«Үйлеріңе артқы жағынан кірулерің – жақсылық емес. Бірақ, кім тақуалық қылса, сол жақсылық. Үйлерге есіктерінен кіріңдер. Әрі Алладан қорқыңдар. Сонда құтыларсыңдар»[1].  

Тәпсір кітаптарындағы мәліметке қарағанда, Исламнан алдын «Ясриб» халқы (кейінгі Медине) Меккеге барып, қажылық рәсімін орындап келгеннен соң үйлеріне есігінен емес, артқы жағынан кіруді жақсылық санайтын. Ал, есіктен кіруді күнә деп есептейтін болған. Кейін жоғарыдағы аят түсіп, есіктен кіруді бұйырды. Осылайша, халық арасындағы негізсіз ырым тоқтатылды[2]. 

Ендеше, сіз айтып отырғандай жаңа түскен келіннің бірін терезеден кіргізу ырымының да ешқандай негізі жоқ. Ал, ондай әрекетті жақсылыққа балау қателік. Өйткені, жақсылық та, жамандық та бір Алладан екендігіне сенеміз. Терезеден кіру арқылы әлдебір жамандықтың алдын алып, жақсылықты шақырам деу соқыр сенімділіктен басқа ештеме емес. Қазақта терезені киелі санамаған. "Ақ босаға" деп, үйдің есігін қасиет тұтқан. Сондықтан да, жаңа түскен екі келіннің екеуін де терезеден емес, ақ босағадан кіргізу керек. 


[1] Бақара сүресі, 189 аят.
[2] Тәфсирус Суюти: Бақара сүресі, 189 аят тәпсірі.

Абдусамат Қасым