Мен көшетін үйде көлік апатынан қайтыс болған кісілер тұрған екен, не істеймін?
Мен көшетін үйде көлік апатынан қайтыс болған кісілер тұрған екен, не істеймін?
10 жыл бұрын 5502

Әссәләмуғалейкум! Мен бір үйге көшпекші едім. Бірақ та, ол үйде маған дейін, жол апатынан қайтыс болған адамдар тұрған екен. Ол үйге көшпес бұрын, сақтық ретінде не істесем болады? Нұртас

Уағалейкумассалам! Құрметті Нұртас, Алла тағала Құран Кәрімде: «Сен айт: «Алланың жазмышынан бөлек бізге ешнәрсе де болмайды. Біздің медеткеріміз сол ғана», - де. Мүминдер тек Аллаға ғана сүйенсін»[1], - дейді. Бұдан не түсінеміз? Сіз айтып отырған  марқұмдардың қазаға ұшырауы Алланың жазмышынан туындап отыр. Ол жағдай сіз сұрап отырған баспанаға қатысы жоқ. Марқұмдардың  тұрғандығын жаман ырымға балап, ол баспанадан үрейленудің қажеті жоқ.  Асыл дініміз әр нәрсені жаман ырымға балап, соған сеніп, жүріс-тұрысын соған негіздемеуге шақырады[2].     

Ал енді қауып-қатерден аулақ жүрейін десеңіз, Алла ризалығы үшін жиі-жиі садақа беріп тұрыңыз. Садақа бір шетінен үйге береке кіргізсе, екіншіден, Алланың қалауымен, бәле-жаладан аулақ етеді. Табаранидің (р.а.) хадистер жинағында келтірілген бір риуаятта: «Садақа – жетпіс жамандықтың есігін жабады» [3], - делінген.

Қосымша мына сілтемені оқи отырыңыз: http://islam.kz/kk/questions/aqida-senim/sagat-syilauga-bolmaidy-deidi-sol-ras-pa-140/ 

[1] Тәубе сүресі – 51 аят.
[2] Сахих Бухари: Китабут Тыб – Бәбу аттияра. 
[3]Табарани: әл-Муъжәмул Кәбир – Бабу ар-Ра ман исмуху Рафиъ-№4272 хадис.

Абдусамат Қасым