Ассаламуғалейкум! Пайғамбарымыз (с.а.у.) Миғражға көтөрілгенде шүйіншіленген үш сыйды айтыңызшы? Мәлкей.
Миғраж түні Пайғамбарымызға (с.а.у.) сүйіншіленген үш нәрсе
|

Бисмилләһир рахманир рахим, әлхамдулилләһ, уассаләту уәссәләму аля расулилләһ!
Уағалейкумуссәләм уә рахматуллаһи уә бәракәтуһ!
Миғраж түні берілген үш сый келесідегідей:
- Бес уақыт намаз. Елу уақыт намаз болған еді, алайда Алла Тағала оны бес уақытқа қысқартып, елу намаздың сауабына тең қылды.
- «Бақара» сүресінің ақырғы екі аяты берілді. (285, 286 аят).
- Серік қоспаған пенденің үлкен күнәлары кешіріледі. (Тәубе етпей өлген мүмін үлкен күнәлары үшін жазаланады, бірақ соңында кешіріліп, тозақтан шығарылады).
Бұған қатысты сахаба Абдулла ибн Мәсъуд (р.а.) былай әңгімелейді:
«Алла елшісі (саллаллаһу алейһи уә сәлләм) исра түні миғражға көтерілгенде, «сидрәтуль мүнтаһа»ға дейін жетті. Ол - алтыншы көкте. Онда жерден жоғары көтерілгендер сол жерде тоқтайды және төбеден түскен нәрселер сол жерде тоқтайды, сол жерден алынады» дейді де сахаба сөзін жалғап: «сол кезде «сидраны» ораған нәрсе ораған еді» (деген аятты оқып, оны:) «алтыннан көрпе» деп түсіндірді (сахаба). (Сосын әңгімесін жалғастырып былай деді) Үш нәрсе берілді: бес уақыт намаз, Бақара сүресінің соңғы аяттары және Мұхаммед пайғамбардың үмбетінің ішінен Аллаға серік қоспай өткен пендесінің ауыр күнәлары кешірілетіндігі»1.
1Нәсәи, «Сүнәту Кубра», Имам Мүслім: «Сахих Мүслім».