Намаз оқымай дүниеден өткен адамды тозақтық деп айтуға бола ма?
Намаз оқымай дүниеден өткен адамды тозақтық деп айтуға бола ма?
3 жыл бұрын 23483

Ассалаумағалейкүм уа рахматуллахи уа баралкатух. Намаз оқымай дүниеден өткен адамды тозақтық деп айтуға болады ма? Олай айтудың үкімі қандай? Нұржан.

Уағалейкумуссәләм уә рахматуллаһи уә бәракәтуһ!

Намаз оқымау үлкен күнә саналады. Намаз оқымай өткен кісінің о дүниде сұрауы болары анық. Сондықтан, намаз оқымауының еш зияны жоқ демейміз. Бірақ, оған байланысты «тозақтық» деп те нақты айта алмаймыз. Кімнің қайда барары бір Аллаға аян.

Намаз оқымағаны себепті тозаққа түсіп қалуы мүмкін деп қауіптенетініміз секілді, Алланың мейрімі мен кешірімінен де үміт үзбейміз. Ол үшін Алладан кешірім тілеп, жарылқау сұраймыз. Имам Тахауи өзінің «ақида» кітабында былай деп өтеді:

«ونستغفر لمسيئيهم ، ونخاف عليهم ، ولا نقنطهم

«Мүміндердің күнәһарларына (күнә жасағандарға) Алладан кешірім тілейміз. Олар үшін (күнәлары себепті) қауіптенетініміз секілді, Алланың мейірімінен де үміттерін үзбейміз».

Осы тұрғыда, әрбір мұсылман Құдай кешіредіге сүйеніп мүлдем босанысып кетуіне де, сондай-ақ, мүлдем үмітін үзуіне де болмайды. Мүмін-мұсылман үміт пен қорқыныш арасында болуы тиіс. Имам Тахауи былай деген:

والأمن والإياس ينقلان عن ملة الإسلام وسبيل الحق بينهما لأهل القبلة

«Тым сенімді болу да, мүлдем үміт үзу де адамды Ислам үмбетінен шығарады. Қыбла иелері үшін (мұсылмандар үшін) осы екеуінің ортасында болу – ең хақ жол».

"әл-Ақидатут Тахауия".

Абдусамат Қасым