«Пайғамбар» сөзі жазылғанда салауатты «с.а.у.» деп қысқартып жазуға бола ма?
«Пайғамбар» сөзі жазылғанда салауатты «с.а.у.» деп қысқартып жазуға бола ма?
3 жыл бұрын 5699

Ассаляму алейкум! «Пайғамбарымыз (с.а.у)» деп салауатты қысқартып жазуға бола ма? Болмайды деп естігем. Бірақ кітаптарда қысқартылып келеді емес пе, неге? Мергүл.

Уағалейкумуссәләм уә рахматуллаһи уә бәракәтуһ!

«Пайғамбар» сөзін жазғанда салауатты қысқартып «с.а.у.» немесе «ғ.с» деп жазуды Ислам ғалымдары әдепке теріс деп есептеген. Абзалы, әрі ең ұнамдысы - салауатты толық жазу. Сондықтан да мүмкін болса «саллаллаһу алейһи уә сәлләм» немесе «ғалейһис сәләм», яки, "ғалейһис саләту уә сәлләм" т.б. деп толық жазған абзалырақ. Бұл бір шетінен - әдеп, екіншіден оқыған адамның салауат келтіруіне себепкер боласыз.  

Дегенмен, өзіңіз айтпақшы, қысқа жазып жатқан кісілерге де күнә жоқ. Негізі қысқаша жазудағы мақсат – оқушыға ескерту болып табылады. Оқып отырған кісі соған қарап салауат келтірсін дегендік. Оны көрген адам іштей немесе дауыстап толық салауат келтіреді. Тіпті салауат мүлдем жазылмаса да «пайғамбар» сөзін немесе пайғамбарымыздың "есімін" оқыған кісі өз бетінше салауат келтіруі тиіс.

Кейбір сөздер мен ғалымдардың есімдерін қысқаша жазу дәстүрі Ислам жазба мәдениетінде бұрыннан бар үрдіс. Әсіресе, ертеректегі хадисші ғалымдар хадис келтіргеннен кейін хадистің соңына хадисті келтіруші ғалымның есімін бір әріппен белгілеп кетіп отырған. Мысалы, хадистің соңына «Хо» (خاء ) деп жазып кетсе, ол «Бұхари» дегенді ұқтырады. «М» әріпін жазса, хадисті келтіруші «Имам Мүслім» екендігін білдіреді. «Т» әріпі - Имам Тирмизи т.б.

Тоқ етерін айтқанда, «пайғамбар» сөзінен кейін немесе пайғамбарымыздың есімін жазғанда салауатты толықтай жазған абзал. Берекелі іс. Ал қысқартып жазу әдепке теріс боп саналған, бірақ күнә емес, әрі күпірлік болып есептелмейді.  

Ең дұрысы – Аллаға мәлім!  

Аллаһумма салли алә сәйидинә Мұхаммәдин уә аля әәли сәйидинә Мұхаммәд!

Абдусамат Қасым