Пайғамбарымыз қайтыс болғаннан кейін Жебірейіл періште жерге түспейді деген мәлімет рас па?
Пайғамбарымыз қайтыс болғаннан кейін Жебірейіл періште жерге түспейді деген мәлімет рас па?
4 жыл бұрын 7412

Ассаламуғалейкум! Пайғамбарымыз (с.а.с) қайтыс болғанда Жәбірейіл періштенің жерге түспеймін дегендігін естіп едім, рас па? Және содан кейін түспеген бе? Алла разы болсын!

Уағалейкумуссәләм уә рахматуллаһи уә бәракәтуһ!

Ондай мәліметтің негізсіз екендігін ғалымдар кітаптарында айтып өткен[1]. Керісінше Жебірейіл періштенің Алланың қалауымен жер бетіне түсендігін білдіретін бірнеше айғақтар бар. Мысалы, «Қадір» сүресінің төртінші аятында: «Сол түні Раббыларының рұқсатымен періштелер мен «Рух» түседі» делінген[2].

Осы аяттағы «Рух» сөзін тәпсіршілердің көпшілігі «Жебірейіл» періште деп тәпсірлейді. Мәселен, атақты тәпсірші табиғин Даххәк ибн Мазахим (радияллаһу анһ) аталмыш аяттағы «Рух» сөзіне: «Ол – Жебірейіл періште. Ол және өзге періштелер қадір түні түседі», - деп түсіндірме жасаған.

Имам Табаранидің «әл-Кәбир» атты хадистер жинағында Пайғамбарымыздың (с.а.у.) азат еткен күңдерінің бірі Мәймуна бинт Саъд былай дейді:

«Мен Алла елшісінен: «Жүніп адам жуынбай жатса бола ма?» - деп сұрадым. Сонда Алла елшісі: «Мен жүніп адамның дәрет алмай жатуын жақсы көрмеймін. Себебі, ол сол күні қайтыс болып, Жебірейіл періште қасына (жүніп болғаны үшін) келмей қала ма деп қорқамын» - деген екен.  

Аталмыш хадис, Жебірейіл періштенің таза, дәрет-ғұсылы бар күйінше қайтыс болған адамға келетіндігін білдіріп отыр. Осыдан-ақ, Жебірейіл ғалейһиссәләмның Пайғамбардан кейін де жер бетіне түсетіндігін анық айтуға болады.

Ал, Жебірейілдің Пайғамбарымыздан кейін «уахи алып» түспейтіндігі рас. Өйткені, Мұхаммед пайғамбар (саллаллаһу алейһи уә сәлләм) ең соңғы пайғамбар. Құран Алладан түскен ең соңғы кітап. Одан кейін пайғамбар да, қасиетті жазба да түспейді. Алайда, бұл Жебірейіл ғалейһиссәләмның мүлдем жер бетіне түспейтіндігін білдірмейді.


[1] Имам Суюти: әл-Хауи лильФәтәуә.
[2] Құран Кәрім, «Қадір» сүресі, 4 аят.

Абдусамат Қасым