Сәләфилер "Алла аршқа отырды" деп айта ма? Оған дәлеліңіз бар ма?
Сәләфилер "Алла аршқа отырды" деп айта ма? Оған дәлеліңіз бар ма?
3 жыл бұрын 9602

"Аллаһ аршқа отырды "-деп , матруди ашарилер өз ақидаларын дұрыс көрсету үшін үйреншікті философия логикаларына салып шығарып алған. Саляф манхаджындағы ғалымдар не т.б ешқашан «Аллаһ аршқа отырды» демеген. Демейді де. Дегендері болса дәлел келтір! Ернар.

Құрметті мұсылман, Мәтуриди немесе Әшғари ақида мектебі ғалымдарының ешқайсысы «Алла Тағала аршқа отырды» деп айтпаған. Керісінше, олай деушілерді қатты сынап, жоққа шығарған. «Лә мәкән» тезисін ұстанатын аталмыш мектептердің «Алла аршқа отырды» деулері мүмкін емес екендігі белгілі. Сондай-ақ, тарихта «Алла аршқа отырды» деуші теріс ағым өкілдері болғандығы, тіпті қазіргі таңның өзінде сәләфия-уаһһабия бағытындағылардың арасында кейбірі «Алла аршқа отырды» деген тезисті ашық айтса, кейбірі ашық айтпаса да, ондай сенімді жоққа шығармайтындығын ұқтырады (Ибн Әлбәнидан басқасы, ол Алла аршқа отырды дегенді қабыл етпейді). Мысалы, Ибн Таймия «Алла аршқа отырды» деушілердің бірі. Оған оның мына сөзі дәлел деуге болады:

إذَا تَبَيَّنَ هَذَا فَقَدْ حَدَثَ الْعُلَمَاءُ الْمَرْضِيُّونَ وَأَوْلِيَاؤُهُ الْمَقْبُولُونَ: أَنَّ مُحَمَّدًا رَسُولَ اللَّهِ صَلَّى اللَّهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ يُجْلِسُهُ رَبُّهُ عَلَى الْعَرْشِ مَعَهُ.

«Осы нәрселер нақтыланған болса, (білгін): шынында ризашылыққа бөленген ғұламалар мен (жұрт тарапынан) қабылданған әулиелер айтқан: «Алланың елшісі Мұхаммедті (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) Раббысы өзімен бірге аршыға отырғызады»[1].

«Мәжмуъуль Фәтәуә» еңбекте Ибн Тәймияның мынадай сөзі кездеседі:

أَنَّهُ يَنْزِلُ إلَى السَّمَاءِ الدُّنْيَا وَلَا يَخْلُو مِنْهُ الْعَرْشُ وَبَيَّنَّا أَنَّ هَذَا هُوَ الصَّوَابُ

«Алла Тағала дүние аспанына Арш одан (Алладан) босап қалмаған күйі түседі. Осының дұрыс екендігін біз баяндап өттік»[2].

Осындағы «Арш одан  босап қалмаған күйі...» деген сөзінен – Алла «Аршта» отырады және Ол аспан денесіне түскен кезінде, отырған аршы босап қалмайды дегенді білдіріп тұр. Яғни, Ибн Тәймия осы сөзімен «Алла Тағаланың «Аршта» отыратындығын қабыл ететіндігін ұғындыруда.

Ибн Тәймия сәләфиттердің ақидадағы көш басшылары екендігін назарға ұстасақ, осы жөнінен алғанда да сәләфия бағыты «мүжәссима» ағымына жақын екендігін топшылау қиын емес.

2) Қазіргі заманғы сәләфиттердің бетке ұстар ғалымдарының бірі Ибн Бәздың мына сөзі де «Алла «Аршта» отыр дегенді қабыл ететіндіктеріне дәлел:  

أنه فوق العرش جل وعلا

ومعنى على العرش يعني: فوق العرش قد علا عليه واستقر فوقه  

«Алла Тағала – «Арштың» үстінде. «(Аршқа истиуа етті дегендегі) Аршқа» сөзінің мағынасы: Алла Тағала – Арштың үстінде, аршқа үстіне биіктеген және соның үстінде орналасқан»[3].  

Ибн Баздың «واستقر فوقه» дегендегі «истәқорра» етістігі  – «орналасты», «бір жерде тұрақтады» деген ұғымдарды білдіреді. Сонда «Арштың үстінде орналасты, тұрақтады» деп тұр.

3) Және де деректерге қарағанда Абдуль Азиз ибн Файсал есімді Саудиялық дін мамандарының бірінің (Ибн Бәздің шәкірттерінің бірі) жазған кітабында былай дегендігі де кездеседі:

عرفنا أن المقصود بقوله تعالى {الرحمن على العرش استوى} أي على العرش علا وجلس , لكن على ما يليق بجلاله جل وعلا

«Алла Тағаланың «Рахман Алла  - Аршқа истиуа етті» деген сөзінен не мақсат етіліп тұрғанын білген болдық. Яғни, оның мәні: Алла «Аршқа» биіктеді және отырды» деген ұғымда. Бірақ ол - Алла Тағалаға лайықты түрде биіктеу және отыру...»[4].

Қорытынды:

Бүгіндегі сәләфи-уаһаби бағытындағылардың біразы Алланың аршта (тақта) отырғандығына сенеді, ал біразы ондай тұжырымды ашық айтпаса да, қабыл етілуге лайық пікір ретінде есептейді. Және бұл сенімдеріне кейбір әлсіз хадистер мен кейбір ескілікті хадисшілердің т.б.сөздерін арқау етеді. Дегенмен, Насруддин Әлбани сияқты, ондай сенімді, яғни, «Алла аршта отыр» деген сенімді жоққа шығаратындары да кездеспейді емес.  

Әһли сунна жолында «Алла «Аршта» отыр, орналасқан», «Алла жоғарыда», «Алла әр жерде», «Алланың мекені бар» деген сияқты тұжырымдар өрескел қате болып саналады. Бұндай пікірлер Алла Тағаланы жаратылыстарға ұқсатуға алып келеді. Ал Алла Тағаланы жаратылсытарға ұқсату – күпірлік. Бұл – оның «ешкім оған ұқсамайды» деген аятына теріс, әрі «тәнзиһ» түсінігіне қайшы. Сондай-ақ, «Алла Тағала өзгермейді» деген сенімге де кереғар.

"Алла аршта отыр" деген сенім Мүшәббиһа ағымына тән

Бұнымен қатар «Алла «аршта» отыр немесе арштың үстіне орналасқан» деген сөздер, негізінен алып қарағанда, «мүжәссима» мен "мүшәббиһа" деп аталатын қос адасушы ағымдардың сенімі. Бұл қос ағым кезінде Алла Тағалаға дене беріп, оны жаратылыстарға ұқсатып бүлінді. Міне "Алла аршта отыр" деген сенім, негізінен алып қарағанда "мүшәббиһа" ағымының сенімі. Бұл жайында Фаһруддин Рази былай дейді: 

"Мүшәббиһа ағымындағылар өздерінің "Алла Тағала аршта отыр" деген бұзық сенімдерін, Құрандағы Алла Тағаланың мына аятымен байланыстырады: "Рахман - аршқа истиуа етті". Олардың бұл пікірлері ақыл тұрғысынан да, нақыл тұрғысынан да, бұзық..."

Олар бүгіндегі сәләфилер сияқты Алланың мекені бар деп сенген. Ал енді Имам Шәфиғидің: «Кімде-кім «Алла «аршта» отыр» деп айтса немесе солай сенсе, ол – кәпір» деген сөзі деректерде кездеседі. Осы сөзден-ақ, ондай түсініктің қаншалықты қауіпті екендігін түсіне беріңіз. Сондай-ақ, ғұламаның «Мүжәссима ағымындағылар – кәпір» деген сөзі де  сенімді кітаптарда риуаят етіледі[5].

Осыдан ойға мынадай сұрақ келеді: Сәләфилер кәпір саналатын мүжәссима мен мүшәббиһалардың сенім-негіздерін арқау етіп жүр ме?

Имам Ағзам Әбу Ханифа да «Алла аршқа орналасты», «Алла отырды» деген сенімнің қате екендігін ашық білдірген. Әбу Ханифа сенімі бойынша: Аллаға тарап берілмейді, мекен берілмейді, Алла отыр деп немесе Алла бір жерде орналасты деп айтылмайды. Алла мекенсіз. Ол заманға да тәуелді емес. Мекен де, заман да жаратылмай тұрып Алла Тағала бар еді. Имам Ағзам өзінің «Уасия» атты кітапшасында былай деген:

««Біздің сеніміміз бойынша, Алла Тағала «Аршқа истиуә етті». (Алайда) Ол Аршқа мұқтаж емес және онда орналаспады. Алла Тағала Арштың да, одан басқасының да қорғаушысы, (бірақ оларға) мұқтаж емес. Егер мұқтаж десек, өзге жаратылыстар секілді әлемді жаратуға және оны жүргізіп отыруға күші жетпес еді. Егер отыруға және тұрақтауға мұқтаж дейтін болсақ, онда Ол Аршты жаратпай тұрып қайда болған? Ондай (түсінік) Алланың ұлықтығына сай емес»[6]


[1] Китаб «Мәжмуъуль Фәтәуә».
[2] Китаб «Мәжмуъуль Фәтәуә».
[3] Binbaz org.sa
[4] «Кутубуль Кәтәибиль Жаһади»
[5] Имам Суюти: «Әшбәһ уән Назаир».
[6][6] Имам Әбу Ханифа: «әл-Уасия». 3 ереже.

Абдусамат Қасым