Тәубенің қабыл болғанын қалай білуге болады? Белгілері қандай?
Тәубенің қабыл болғанын қалай білуге болады? Белгілері қандай?
4 жыл бұрын 15566

Әссәләмуғалейкум! Тәубенің қабыл болғанын қалай білеміз, немесе күнәміздің кешірілгенін қалай білуге болады? Нақты белгі бар ма? Ондай белгісі бола ма, немесе намаз оқып, дұға жасап білуге бола ма?   

Уағалейкумуссәләм уә рахматуллаһи уә бәракәтуһ!

Тәубенің қабыл болуының ең бастапқы шарты – өкіну. Тәубе – істеген күнәсіне өкіну дегенді білдіреді. Пайғамбарымыз (с.а.у.) бір сөзінде: «"النَّدَمُ تَوْبَةٌ» - деген, яғни: «Өкіну – тәубе ету болып табылады!» деп айтқан.

Алла Тағаланың Адам атаны кешіріп, ал Ібіліс малғұнды кешірмеуінің де бір себебі осында жатыр. Адам ата пейіштегі тыйым салынған жемісті жеп, артынан күнәсіна шын өкінген еді. Ол жұбайы екеуі: «Раббымыз біз өз-өзімізге зұлымдық жасадық. Егер бізді кешіріп, бізге рахымдылық жасамасаң, сөзсіз, біз қасыретке ұшыраушылардан болмақпыз» деп Аллаға жалбарынып кешірім тіледі[1]. Ал, Ібіліс малғұн болса, Алла Тағала оған Адамға сәжде ет деген кезде, сәжде етпей тәкәппарланып: «Мен одан хайырлымын. Сен мені оттан жараттың, ал оны балшықтан жараттың», - деді[2]. Одан кейін де өкініп, тәубеге келудің орнына: «Сенің ұлықтығыңмен ант етейін, ықыласты құлдарыңнан басқасының бәрін күнәға жетелеймін» деп қасқайды[3]. 

Ендеше, істеген күнәңізге шынайы өкінген болсаңыз, тәубеңіздің қабыл боларының бір белгісі сол.  

Одан бөлек, тәубенің қабыл болғандығына ишара етер біршама белгілер деректерде келтірілген. Атап айтсақ:

  1. Өкіну. Тәубесі қабыл болған адамның істеген күнәсі ойына келгенде өзегі өртенердей болып тұрады.
  2. Күнәға жоламау.  Жасаған күнәсіна ендігәрі жоламауы. Алла Тағала тәубесін қабыл еткен пендеге ол күнәға енді жоламауға жәрдем етіп, тауфиқ береді.
  3. Тағат-ғибадаттарының ретке келуі.  
  4. Ізгі істерге ат салысуы. Тәубесі қабыл болған пенденің ықыласы артып, ізгі істер істеуге беттейді.
  5. Тура жолға түсіп, Алланың бұйрықтары мен тыйымдарынан шықпауы.
  6. Қарапайымдылық пен кішіпейілділік сипатының пайда болуы.  
  7. Өзін Алланың алдында төмен көріп, қор санауы.  
  8. Ізгі жақсылармен, салиқалы жандармен мәжілістес болуға құмартуы, ал теріс жолдағы, күнәһар адамдардан ұзақ тұруы.
  9. Истиғфар, зікір-тәспихат айтуға әдеттенуі.
  10. Жүрегінде Аллаға және Оның пайғамбарына деген махаббаттың пайда болуы.
  11. Көңілінде мұсылмандарға деген бауырмалдылық пен сүйіспеншіліктің пайда болуы.
  12. Ақырет жайында жиі ойлануы.  

Осы тұрғыда, тәубе етерде «Алла тәубемді қабыл етеді» деп іштей сену керек, бірақ «қорқыныш» пен «үміт» арасында болуды да ұмытпаған жөн. Қорқыныш дегеніміз: «Құдай Тағала тәубемді қабыл етпей, жазаласа қайтемін» деп қауыптенуді білдірмек. Үміт: Алланың рахымдылығынан күдер үзбеуді білдіреді. Оның кешірім есігінен айырылмай, тәубе сарайында бас сауғалау деген сөз үміт. Алла Тағала Құранда өзін сипаттай келе былай деп өткен:

غَافِرِ الذَّنبِ وَقَابِلِ التَّوْبِ شَدِيدِ الْعِقَابِ ذِي الطَّوْلِ

«Күнәні кешіруші, тәубені қабыл етуші, жазасы да ауыр және кеңшілік иесі...»[4].

Құдай Тағала аталмыш аятта қорқыныш пен үміт арасында болуды астарлап тұр.

Жаратқан Ие тәубе еткен жанның тәубесін қабыл еткей!


[1] «Аъраф» сүресі, 23 аят.
[2] «Аъраф» сүресі, 12 аят.
[3] «Саъд» сүресі, 82 аят.
[4] «Ғофир» сүресі, 3 аят.

Абдусамат Қасым