Әртүрлі тақырып төңірегінде қысқа-нұсқа сұрақ-жауап (№2)
Әртүрлі тақырып төңірегінде қысқа-нұсқа сұрақ-жауап (№2)
6 жыл бұрын 9410

Сайтымыздың хат қоржынына келіп түскен әртүрлі тақырып төңірегіндегі біршама сұрақтардың қысқа да нұсқа жауаптары

- Сұрайын дегенім, ғұсыл бұзылған жағдайда, міндетті түрде ғұсыл алып ұйықтау шарт па, әлде таң намазының алдында алсақ бола ма?

- Шарт емес. Таң намазына тұрғанда ғұсылданса да болады. Дегенмен, ұйықтар алдында ғұсылданып алған абзал. Бұл - бір шетінен тазалық, екіншіден, денсаулыққа да пайдасы бар.

- Намаз оқып отырғанда дәл жанында адам жатса, намазға кедергі емес пе?

- Намазға кедергі емес.  

-Тұмау кезде адамның мұрнынан шығатын сұйықтық нәжіске жата ма? Түшкірген кезде шашырап шығады ғой.

- Мұрыннан аққан су нәжіс емес. Әйтсе де, ондай кезде айналаға шашырамауын қадағалау керек. Түшкіру әдебін сақтаған жөн.

- «Түнде айнаға қарама» дейді. Шариғатта негізі бар ма?

- Шариғатта негізі жоқ. Мұндай мәлімет кейбір кітаптарда кездеседі. Дегенмен «хадис» деп емес, «емшілердің айтқан сөзі» деп келтіріледі.  

- Сапарда намазы қаза болса, кешке сол қысқартылған қалпында өтеуге бола ма?

- Сапарда жүргенде қаза болған намаздардың қазасы қысқартылып өтеледі.

- Қазір терге қарсы түрлі дезодоранттар бар. Олардың құрамында спирт міндетті түрде болады. Оларды жаққан кезде дәрет бұзыла ма? Жаққан соң қайта дәрет алу шарт па?

- Спирт дәретті бұзбайды. Әрі намазға да кедергісі жоқ. Оның неден жасалатындығын назарға ала отырып, Ханафи мәзхабы бойынша, спирт нәжістер қатарынан саналмайды делінген. Ішу - харам.

- Сағыз шайнап тұрып, намаз оқуға бола ма?

- Болмайды.

- Құран аяттарында айтылған Зүлқарнайын деген адам, Александр Македонский емес пе? 

- Александр Македонский емес. Александр Македонский - грек құдайларын ұлықтаған мүшрік еді. Ал, Зүлқарнайын болса, бір Алла деп өткен. 

Абдусамат Қасым