Асты 40 рет шайнау сүннет пе?
Асты 40 рет шайнау сүннет пе?
4 жыл бұрын 5270

Асты 40 рет шайнау сүннет пе? Айгерім.

Құрметті сауал қоюшы, "асты 40 рет шайнау керек" дегенге қатысты хадис кездестірмедік. Алайда, асты ұзақ шайнап барып жұтудың сүннет амалға жататындығына қатысты мәлімет бар. Пайғамбарымыз: күнде екі мезгіл ас ішуді, астың аз мөлшерде болуын, дастарханнан тоймай тұруды, ауызға салынатын астың ауызға сиятындай көлемде болуын (ауызды толтырмайтындай) және ұзақ шайнап барып, жұтуды кеңес еткен.

Деректерде Имам  Шафиғидің мынадай сөзі келтіріледі: «Астың – төрт парызы, төрт сүннеті және төрт әдебі бар, - дейді ғалым. 

Парыздары: қолды жуу, табақ қолдану, пышақ қолдану және шөміш қолдану (мысалы тамақ саларда).

Сүннеттері: Сол аяғын төсеп отыру (оң тізесін жоғары көтеріп, сол аяғына отырады), ауызға салатын үзімнің (нанның үзімі т.б.) кішкене болуы, қатты шайнау (ұзақ шайнау) және саусақтарды жалау.

Әдебі: Үлкен кісілерден бұрын қолыңды асқа созбау, өз алдыңнан жеу, адамдардың бетіне қарай бермеу және аз сөйлеу[1].

Қорытындылай айтқанда, Исламдағы ас ішу мәдениетінде аз тамақ ішумен қатар ауызға салған асты бірден жұта салмай, біраз шайнап барып жұту керек. Бұлай істеудің денсаулыққа пайдалы екендігі бүгінде дәлелденіп отыр. Мәселен, Аmerican Journal of Clinical Nutrition' атты америкада жарық көретін биомедициналық жұрналдың бір санында, асты 40 рет шайнаудың тамақты аз ішуін қаматамасыз ететіндігі айтылған. Өйткені, ұзақ шайнау адамды тез тойдырып, аз тамақ жеуге әкеп соғады. Соның нәтижесінде семіздік ауруына шалдығу қауіпін төмендеткен болады.

Асты 40 рет шайнаған адамдардың, көп шайнамайтын адамдарға қарағанда 12 пайызға аз калория алатындықтары анықталған. Бір адамның күнделікті алатын калориясының мөлшерін 12 пайызға төмендетуі деген сөз  – жылда 11 кило салмақ тастайды дегенді білдіреді.


[1] Имам Жәләлуддин әс-Суюти: «Әшбәһ уән Назаир».

Абдусамат Қасым