Доңыз етін байқаусызда жеп қойса, не болады?
Доңыз етін байқаусызда жеп қойса, не болады?
6 жыл бұрын 12079

Әссәләмуғалейкум! Кешіріңіз, егер доңыз етін байқаусызда жеп қойып, оны доңыз еті екендігін біраз уақыт өте келе байқаса не болады? Мысалы, шұжық жеп отырып, оның құрамын кейін қарадым. Досмұхаммед.

Уағалейкумуссәләм уә рахматуллаһи уә бәракәтуһ!

Доңыз еті араласқан асты байқаусызда жеп қойған кісі сол мезетте мүмкін болса, құсып тастағаны дұрыс. Мүмкін болмаса, білмегенді Құдай кешіреді. Алла Тағала Құран Кәрімде былай деген:

وَلَيْسَ عَلَيْكُمْ جُنَاحٌ فِيمَا أَخْطَأْتُم بِهِ وَلَٰكِن مَّا تَعَمَّدَتْ قُلُوبُكُمْ وَكَانَ اللَّهُ غَفُورًا رَّحِيمًا

«Қателікпен істеген нәрселеріңде сендерге күнә жоқ. Бірақ, жүректеріңнің қасарысқан нәрселерде күнә бар. Алла Тағала - аса кешірімді, ерекше рақымды»[1].

Құсып тастау мәселесіне қатысты Шафиғи мәзхабының ғалымы Мұхаммед ибн Шиһәбуддин әр-Рамлидің (раһматуллаһи алейһ) былай дегендігі деректерде айтылады:

«Харамды күштеп іштірген немесе жегізген жағдайда, шамасы келсе құсып тастауы керек»[2].

Осы тұрғыда, Құран Кәрімде Жаратушымыз біздерге таза әрі халал астан жеумізді бұйырады[3]. Сондықтан да, жеген асымызға барынша мән бергеніміз жөн.


[1] Құран Кәрім, Ахзаб – 5.
[2] Ар-Рамли: Ниһәятуль Мухтәж – Китабуль Әшрибә.
[3] Бақара сүресі, 168 аят.

Абдусамат Қасым