Доңыз майы қосылған сабынмен жуынуға бола ма?
Доңыз майы қосылған сабынмен жуынуға бола ма?
10 жыл бұрын 8522

Ассалаумағалейкум! Күнделікті қолданыстағы кір сабынның құрамында белгісіз жануарлардың, сондай-ақ, доңыздың майы бар деп естіп едім. Осы сұрағыма қатысты сенімді, білгір мамандардың дәлелдерімен жауап берулеріңізді сұраймын! Нұрболат Шонжанов

Уағалейкумуссалам! Нұрбалат, шариғатта «Инқиләбуль Айн» (жаратылысының өзгеруі)  деген қағида бар. Бұл дегеніміз, шариғатта нәжіс деп танылған заттар өз табиғаты мен жаратылысын мүлдем жоғалтып, басқа бір таза затқа өзгерер болса (реакцияға ұшыраса), оның бұрынғы үкімі де өзімен қоса жоғалады. Мәселен, жүзімнен жасалған шарап егер сіркеге айналар болса, онда ол шарап емес сірке болып есептелетіні секілді.

Осы қағидаға сүйене отырып Ханафи ғалымдары: «Нәжіс маймен жасалған сабынға таза деген үкім беріледі. Себебі, нәжіс өзгеріске ұшырап отыр. Ал өзгеріске ұшыраған нәжіс Имам Мұхаммад бойынша таза. Бұл қағида тек сабынмен шектелмей, өзге де өзгеріске ұшыраған және табиғаты жойылған заттарға қатысты»[1], – деген.

  • Осы орайда айта кететін маңызды бір нәрсе бар: өзгеріске тек сипат жағынан ғана емес, бүкіл табиғаты мен болмысы да қоса өзгерген болуы шарт. Тек, сипатының ғана өзгеруі – ол нәжіс үкімін жоймайды. Мәселен, сүттен ірімшік жасау, бидайды диірменнен өткізіп ұн ету т.б. – сипаты өзгергенімен, болмысы өзгермейді.[2]

Бұған қарағанда, егер сабындағы доңыздың майы, сабындану процесінде өзінің химиялық структурасын түбегейлі өзгертетін болса, ол сабынды қолдана беруге болады дер едік. Дегенмен, мамандар «сабынның құрамындағы доңыз майы өзінің химиялық структурасын толығымен жоймайды» деп отыр. Сондықтан, сіз мұсылман елдерде шығарылған (Түркия, Иран т.б.) құрамында доңыз майы жоқ сабын түрін қолданғаныңыз жөн. Ең дұрысын Алла біледі!


[1] Ибн Ғабидин, Раддуль Мухтар: «Бәбуль Әнжәс», 1-том, 519-бет.
[2] Ибн Ғабидин, Раддуль Мухтар: «Бәбуль Әнжәс», 1-том, 519-бет.

Абдусамат Қасым