Ермек үшін аң аулауға бола ма?
Ермек үшін аң аулауға бола ма?
4 жыл бұрын 6636

Жейтін етің, азығың бола тұра аңшылық жасаған дұрыс па, әлде құмарлық па? Мухи.

Сахаба Абдулла ибн Амрден жеткен бір риуаятта Алла елшісі  (саллаллаһу алейһи уә сәлләм) сахабаларына:

«Кім бір шымшықты босқа өлтіріп, қақысын бермеген болса, Қиямет күні Алла Тағала одан сол жайында сұрайды», -дейді. Сонда естушілердің бірі: «Оның қақысы қандай, уа, Расулалла?» деп сұрақ қояды. «Оның қақысы – жай ғана мойнынан ұстап, кесе салмай, (әдеттегідей, жеу үшін) бауыздауың», - деп жауап береді Пайғамбарымыз[1].  

Сондықтан, етін жеп, өзінің қажеттілігіне пайдалану ниеті болмаса, құр ермекке, көңіл-көтеру үшін аңдарды өлтіру Исламда құпталмайтын іс.   

Деректерге қарағанда аң аулаудағы негізгі мақсат үшеу:

  1. Еті үшін.
  2. Тісі, мүйізі немесе терісі үшін.
  3. Қауіп-қатерден және залалдан сақтану үшін.

Осыған орай Ислам ғалымдары аңшылықтың кейде мубах, кейде мәндуб, кейде уәжіп, ал, кейде мәкруһ немесе харам үкімінде болатындығын білдірген.

  • Егер, аңшылық өзінің және отбасының ішім-жемі үшін болса, үкімі - мубах (рұқсат).
  • Егер, таршылық көріп отырған отбасын молшылыққа қол жеткізу мақсатында болса, үкімі - мәндуб.
  • Бір жанды өлім аузынан құтқарып қалу зәрулігі туындаған жағдайда - уәжіп.
  • Мұқтаж болмаса да ермек үшін, көңіл көтеру мақсатында аң ауласа, алайда етін немесе терісін пайдалануды көздесе - мәкруһ.  
  • Ал, пайдаланбай, құр бекерге өлтіру - харам. Өйткені, мұндай әрекет тіршілік иесін бекерден-бекер өлтіру болып саналады[2]. Бұл бір шетінен ысырапшылықты тудырса, екіншіден жер бетіндегі кейбір аңдардың тұқымының жойылып кетуіне жол ашады.
  • Сондай-ақ, заң бойынша тыйым салынған аңдарды аулауға діни тұрғыда да құпталмайды. Өйткені, қоршаған ортаны қорғау - Ислам дінінің де бұйырған нәрсесі.

[1] Имам Ахмад: «Мүснәд; Имам Шәукәни: Нәилуль Әутор. №3628 хадис.
[2] Профессор  Доктор Уаһбату Зухайли: «әл-Фиқһуль Исләми уә Әдилләтуһу» - Китабус Сойд. 3 том. 693 бет; Имам Бәдруддин әл-Айни: «Умдәтуль Қари». №5475 хадистің түсіндірмесі.

Абдусамат Қасым