Есінегенде неліктен ауызды жабу керек?
Есінегенде неліктен ауызды жабу керек?
3 жыл бұрын 17390

Сәлеметсіздер ме! Неліктен есінегенде ауызды жабу керек? Жадыра.

Сәлеметсіз бе!

Есінегенде ауызды жабу – әдептен. Ондай кезде ауызды қолмен жабу - Пайғамбарымыздың (с.а.у.) сүннеті болып табылады. Деректерге қарағанда, сахаба Әбу Һурайрадан жеткен риуаяттың бірінде Мұхаммед пайғамбарымыз (ғалейһис саләту уә сәлләм) біздерге былай деп кеңес етеді:

«إذا تثاءَب أحدُكم فلْيَضَعْ يدَه على فيه ؛ فإنّ الشيطانَ يدخُلُ مع التَّثاؤُبِ»

«Сендерден кімде-кім есінейтін болса, қолын аузына қойсын (яғни, аузын қолымен жапсын). Шынында, шайтан (адам) есінеген кезде кіреді»[1].

Осындай хадистерге қарай отырып, дін ғалымдары есінеген кезде ауызды жабуды «мұстахаб» амалына жатқызған. Яғни, есінегенде ауызды жабу – Ислам мәдениетінде бар нәрсе. Осыған сай, әрбір мұсылман есінеген кездерінде ауыздарын жабуды әдетке айналдырғандары абзал.

Ал, енді, есінегенде ауызды жабудың астарындағы мәнін әртүрлі айтуға болады.

Мысалы:

  1. Хадисте айтылғандай шайтанның адам ішіне кіріп, әртүрлі күмәндар мен уәсуәсалар туғызуы мүмкін. Әсіресе, конференцияларда немесе сабақта отырғанда, яки, намаз оқып тұрғанда, шайтан ұйқыларын келтіріп, селқостық тудыратындығын жорамалдауға болады. Ал қолды жабу арқылы одан келуі ықтимал әлгіндей зиянның алдын алған боламыз.
  2. Есінегенде ауызды жабудың тағы бір мәні – есінеушінің аузынан жағымсыз иіс шығып, қарсыдағы адамның мазасын қашыруы мүмкін. Ауызды қолмен жабу арқылы ондай келеңсіздікті болдырмаған боламыз.
  3. Сондай-ақ, ауыз қуысы адам баласының сырт көзге жасырын, әркімге көріне бермейтін орындардың бірі. Сондықтан да, ауызды жабу арқылы ауыз қуысын жасырған болады.
  4. Есінеген адам өкпедегі көмірқышқыл ауаны сыртқа шығарып, оның орнына оттегіні ішке қабылдайды деген тұжырым бар. Олай болған жағдайда, есінеген сәтте ауызды жабу арқылы жаман ауаны өзгеге үрлемеген болады екенбіз.

Басқа да астарындағы мән-мағыналарын саралап беруге болады. Десе де, есінеген кезде ауызды жабудың ең басты мәні – әдептілікті сақтау екендігі даусыз. Ондайда ауызды жабу - мәдениеттілік. Өкінішке орай көпшілік орындарында жиі байқайтынымыз, көп қандастарымыз есінеген кездерінде ауыздарын қолмен жабуды ұмытып кетіп жатады. Осылайша, ауыздарын апандай ашып, арғы жақтан бейне бір шайтан күліп тұрғандай кейіп байқатады. Пайғамбарымыз (с.а.у.) бұған қатысты айтқан тағы бір асыл сөзінде былай деп өтеді:

«Есінеу – шайтаннан. Кімнің есінеуі келсе, қолдан келгенше болдырмауға тырыссын. Өйткені, бірілерің «һәә» деп есінеген сәтте, шайтан күледі»[2].


[1] Ахмед ибн Хәнбәл: «Мүснәд». №11341 хадис. Сахих хадис.
[2] «Сахих Бұхари». «Сахих Мүслім».

Абдусамат Қасым