Европа елдерінен келген тауық етін жеуге бола ма?
Европа елдерінен келген тауық етін жеуге бола ма?
6 жыл бұрын 8267

Ассалаумағалейкүм! Шетелден келген тауық етін жеуге бола ма? Мысалы Ресей, Америка сияқты  сол жақтан келген тауық еттерін жеуге рұқсат па? Ол жақтан біз қалай сойылғанын білмейміз ғой?  Қазыр көптеген дүкендерде сол тауық еттерін сатуда. Алла разы болсын! Қуандық.  

Уағалейкумуссәләм уә рахматуллаһи уә бәракәтуһ!

Христиан немесе Яһуди дініндегілердің ұсынған еттерінің халал болуының ең басты шарттарының бірі – шариғатқа сай бауыздалған болулары керек. Яғни қой, сиыр, тауық т.б. осы сияқты хайуандар тамақтан бауыздалса (мұны «зәбх» дейді), түйе малы тұрған күйі мойын мен көкірек арасындағы «ләббә» деген жерінен бауыздалады (мұны «нәхр» дейді). Және аң аулағанда оқ атып жарақаттау арқылы бауыздау түрі де бар, мұны «әл-Ъақр» деп атайды.  

Бүгінде Христиан жұртшылығы саналатын батыс елдеріндегі қасапханаларды зерттей келе көпшілігінің мал бауыздау тәсілдері шариғатқа сай емес екендігі анықталған. Сол зерттеу нәтижесінде ондағылардың мал бауыздау тәсілі хайуанның "арам өлуіне" алып келетіндігі белгілі болған. Әсіресе, тауықтардың. 

Осыған орай, Европа Ислам ғұламалары кеңесі «мұндағы тауық пен ірі сиыр еттерін жеуге болмайды» деген тоқтамға келген. Ал, қой мен кішкене бұзау еттеріне қатысты, біршама қалаларда қой мен кішкене бұзаулардың шариғатқа сай бауыздалатынын ескере отырып, европадағы мұсылманға халал ет табылмаған жағдайда бұл екеуінің (қой мен бұзау) етін қолдануға рұқсат деген пәтуа берген[1].  

Бұнымен қатар, Мысыр елінің дін ғалымы Доктор Али Джума өзінің бір сұхбатында Белгия, Голландия, Канада сынды біраз батыс елдеріндегі қасапханаларды аралағандығын, ондағы 95 пайыз қасапханаларда тауық және өзге де малдарды Ислам үйреткендей тамақтан емес, арнайы гиольтина іспетті кескіш құрал арқылы малдың желке тұсынан кесетіндіктерін айтады. Бұндай бауыздау тәсілі хайуанның арам өлуіне алып келетіндіктен еті де харам болмақ. Әрине, әдеттегідей мұсылмандарша мойыннан бауыздайтын қасапханалар да кездеседі екен. Әсіресе, Яһуди дінін ұстанатындарда. Бірақ, мұндайлардың саны тым аз дейді ғалым[2].  

Ендеше, дүкендерде сатылып жатқан тауық еті болсын, қой не сиыр еті болсын сақтықпен қарап, «халал» екендіктері анықталғандарын ғана алған дұрыс. 

Ең дұрысы - Аллаға мәлім! 


[1] Мәжлисуль Уруби Лиль Ифтә уәл Бәхс.
[2] Youtube – видесұхбатынан.

Абдусамат Қасым