Ғайбаттың неше түрі бар? Қандай жағдайда ғайбат айтуға рұқсат етіледі?
Ғайбаттың неше түрі бар? Қандай жағдайда ғайбат айтуға рұқсат етіледі?
6 жыл бұрын 12338

Әссәләмуғалейкум! Ғайбат төртке бөлінеді дейді. Қандай-қандай? Серік Календарев.

Уағалейкумуссәләм уә рахматуллаһи уә бәракәтуһ!

Ғайбат айту Ислам дінінде харам әрекеттердің бірі екендігі мәлім. Құран Кәрімде Алла Тағала: «...Біреуді-біреу ғайбаттамасын. Біреулерің өлген туысының етін жеуді жақсы көре ме? Әрине ол нәрсені жек көресіңдер...»[1], - дей отырып, ғайбаттың қаншалықты ауыр екендігін ескерткен. Ғалымдарымыздың айтуына қарағанда ғайбатты тыңдаудың өзі – күнә.

Дегенмен, кейбір жағдайларда ғайбат айтуға шариғат рұқсат етеді. Ислам ғұламалары хадис кітаптарындағы риуаяттарды назарға ала отырып, алты жағдайда ғайбат айтуға рұқсат деген. Олар:

1. Зұлымдық пен әділетсіздікке ұшыраған жағдайда. Қастандыққа ұшырап, құқығы аяққа тапталған кісі арнайы құқық қорғау органдарына жапа шектірген кісінің үстінен шағым түсіруіне құқылы. Мысалы, дүниесін ұрлатқан болса, яки біреуден жәбір көрсе т.б.

2. Жамандықтың, зияндықтың алдын алу мақсатында. Әлдебір зиянның алдын алу үшін немесе туындаған залалды әрі қарай болдырмас үшін және оған себепкер болатын кісіні күнәлі істен тыйып, дұрыс бағытқа салу мақсатында ол нәрсеге тосқауыл бола алатын әлдекімге (әкесіне, не басшылыққа т.б.)  «Пәленше мына істі істеп жүр.Оны тоқтатыңыз» деген секілді артынан шағымданса, ол ғайбатқа жатпайды. Мақсат - туындаған не туындайтын қандай да бір зиянды болдырмау. Алайда, бөтен ойды көздеген болса, онысы харам болмақ.

3. Пәтуа сұрау. Мысалы, «пәлен адам маған мынадай әрекетте болды, онысы күнә ма?» деп, немесе т.б. осылайша бір кісінің ісіне қатысты үкім сұрау да ғайбат емес. Әйтсе де, мұндай да ең абзалы, адамның атын атамастан «бір адам» немесе «бір кісі» деп, есімін жасырған дұрыс.

4. Өзге мұсылмандарды жамандықтан сақтандырып, кеңес беру үшін. Мысалы, хадис риуаятында әлсіз риуаятшының кемшілігін айту, сотта күәлік етер адамның өтірікші екендігін айту, біреудің үйленгісі келетін адамы жайында мәлімет беру, жұмысқа мінездеме беру, алаяқтың алаяқтығын айту т.б. 

5. Біреудің ашықтан-ашық жасап жүрген күнәсі жайында сөз қозғау. Мысалы, бір кісі ешкімнен жасырмай арақ ішіп жүрген болса, немесе ашықтан-ашық құмар ойынын ойнап жүрген болса, оның ондай оғаш қылығы жайында сөз етіп, әлдекімге айту ғайбат емес. Алайда, жасырын кемшіліктерін іздестіру немесе әлдебір жасырын күнәсін көріп қойып, ол жайында әңгімелеу – күнә, харам. Әрине, жоғарыда сайып өткен жағдайлардың бірі себепті ол кемшілігін де айтуға мәжбүр болса, ол басқа. 

6. Лақаб атымен танымал адамды лақабымен атау. Мысалы, тарихта «Ағмәш» есімді атақты хадис ғалымы өткен. Ағмаш тілдік мағынада, «көзі нашар көретін адам» дегенді білдіреді. Ол кісінің шын есімі: Сүлеймән ибн Миһран. Алайда, ол көбіне «Ағмаш» лақабымен танымал. Міне, осындай лақабымен кемсіту үшін емес, лақабымен танымал болғандықтан атаған болса, онысы ғайбат болмайды. Алайда, кемсіту үшін яки кекетіп-мұқату үшін айтқан жағдайда, харам.

Міне, аталмыш алты жерде ғайбат айтуға рұқсат етіледі. Бұған - хадистер күә. Әрі ғұламалардың көпшілігі бұған келіседі[2].


[1] Хүжурат сүресі, 12 аят.
[2] Имам ән-Нәуәуи: Риязус салихин. «Бәбу мә юбәху минәль ғайба». 

Абдусамат Қасым