Исламда әйел адам мен ер адам бір-бірімен «ассаләмуғалейкум» деп амандаса ала ма?
Исламда әйел адам мен ер адам бір-бірімен «ассаләмуғалейкум» деп амандаса ала ма?
2 жыл бұрын 15494

Ассаламуғалейкум! Әйел мен еркек кісі бір бірімен «Ассаламуғалейкум» деп амандаса ала ма? Ашат.

Бисмилләһир рахманир рахим

Уағалейкумуссәләм уә рахматуллаһи уә бәракәтуһ! 

Мұсылман әйел мен мұсылман ер адамның бір-бірімен сәлемдесуін ескілікті кейбір Ислам ғалымдары «егер бүлік туындамайтын болса рұқсат» деген. Ал егер, мысалы, амандасу арада (еркекте немесе әйелде) бөтен ойлар тудыратындай күй жаратса, амандаспаған жөн деген сөз. 

Ескілікті Ханафи ғалымдары мәселеге қатысты мынадай тұжырым білдірген:

«Егер ер адам әйел адамды жолықтырса, ер адам әйел адамға бірінші болып сәлем береді. Ал әйел адам бірінші сәлем берсе және ол кейуана жастағы әйел болса, еркек оның сәлеміне жауап қайырады, ал жас қыз болса, ер адам тек ишарамен жауап береді»1- дейді олар.

(Бұл дауыстап сәлемдесуге қатысты, жазбаша сәлемдескен қыз баласына жазбаша жауап берудің әбестігі болмас).

 Ал енді риуаяттарға қарайтын болсақ, Имам Бұхаридің «Әдәбуль Мүфрәд» кітабында, мынадай бір риуаят келтірілген: 

«Бізге Мұса, Мүбәрактан мынадай хадис жеткізді. Мүбәрак былай деді: Мен Хасанның былай дегенін естідім: «Бұрын әйелдер еркектерге сәлем беретін еді» (деді ол)»2. (Хасан хадис).

Осы риуаятқа қарағанда, кезінде Пайғамбар және сахабалар заманында әйел кісілер ер адамдарға сәлем бергендерін ұғынуға болады.

Тағы бір сахих хадисте Алла елшісінің (с.а.у.) бір мешітте отырған бір топ әйел адамдарына сәлемдескендігі келтірілген. Бұл жайында Үмму сәләмә Әсмә бинт Язид әл-Ансория былай әңгімелейді:

«Бір күні Алла елшісі мешітте кетіп бара жатып, бір топ әйел жамағатынын отырғанын көреді. Ол (с.а.у.) оларға қолымен ишара жасап (және аузымен сәлемді айтып) сәлемдесті»3.

Сондай-ақ, Имам Бұхари өзінің «Сахихында» (хадис жинағында) әйел мен еркектің бір-бірлерімен сәлемдесулеріне қатысты мына бір хадисті де дәлел келтірген:

 «Айша анамыз былай әңгімелейді: «Алланың пайғамбары маған: «Әй, Айша! Мынау - Жебірейіл (періште). Саған сәлемдесіп жатыр» - деді. Мен: «Оған да Алланың сәлемі және рахымы болсын» дедім. (Сосын Алла елшісіне): «біз көрмегенді, сен көресің» дедім» - деп, Айша анамыз сөзін аяқтайды4.

Енді осы хадиске қатысты мынадай сауал туады: Жебірейіл, ол - періште ғой. Оның сәлемдескені ер адамның сәлемдесуіне дәлел бола ала ма? Бұндай сауалға Ибн Хажар әл-Асқалани (р.а.) былай деп жауап қайырған: «Жебірейіл періште Алла елшісіне ер адамның бейнесінде келетін»5.

Қорытынды:

Қорыта айтқанда, бір-біріне туыстығы жоқ әйел мен еркектің, жігіт пен қыздың амандасуларына қатысты ескілікті Ислам ғұламалары төрт түрлі пікір білдірген деуге болады (немесе төрт түрлі пікірде топтасқан деуге болады):

  • Егер бүлік (фитна) туындамаса, әйелдің еркекке, еркектің әйелге сәлем беруінің еш әбестігі жоқ.
  • Егде тартқан әйел кісіге ер адамның сәлем беруі және оның сәлемін алуы дұрыс, ал жас бойжеткен қыздың бірінші болып ер адамға сәлем бермеуі тиіс, сәлем берген жағдайда ер адам басын изеп қана сәлемін алғаны жөн. Бұлай деуші ғұламалар «әйелдің даусы ғаурат» деп есептейтіндер.
  • Егде тартқан ер болсын, әйел болсын, оларға сәлем беріп, сәлемін алудың күнәсі жоқ. Ал егер жас бойжеткен болса, оның әдемі не әдемі еместігіне қараймыз. Егер әдемі болып, фитнәдан қорықса, ер адам оған бірінші болып сәлем бермейді және ол сәлем берген кезде, сәлеміне жауап берілмейді. Өйткені, бұл пікірдегілердің ойынша, әдемілік қарсы жыныстың көкейінде бірден бөтен ой тудыруы мүмкін. Ал сұлу емес жас қызға сәлемдесуге де, оның сәлеміне жауап беруге де болады дейді бұл пікірдегілер. Десе де, топ болып отырған әйел тобы мен еркек тобының бір-бірлеріне сәлемдесулеріне болады.
  • Қандай жағдайда да арада туыстығы жоқ әйел мен еркектің бір-бірлерімен дауыстап амандасуларына болмайды дейтіндер де жоқ емес.

Түйін

Түйіні сол: мәселені «фитна тудырып, тудырмайтыны" жөнінен қарайтын ғалымдардың ұстанымын негізге алсақ, былай деп түйіндеуге болады: арада бөтен ойлар пайда етпейтіндігіне сенімді болса, бір-біріне туыстығы жоқ әйел адамның ер адамға, ер адамның әйел адамға «сәлемдесуінде» әбестік жоқ. Ал егер сәлемдесуі қарсы жыныстың көңілінде бөтен ой қалыптастырып, оны дәмелендіріп қоятындай күй пайда ететін болса, әйелдің бөтен еркекке, еркектің бөтен әйелге сәлемдеспегені және сәлеміне жауап қайырмағаны абзал. Ең дұрысы - Аллаға мәлім!


Ибн Нүжейм: «Бәхрур ройық» - Китәбуль Кәроһия, 8\236. 
Имам Бұхари: «Әдәбуль Мүфрәд» - Әйелдердің еркектерге сәлемдесу бөлімі. №1046 хадис.
Имам Тирмизи: «Сүнән». Сахих Хадис.
Имам Бұхари: «Сахих Бұхари» - Еркектердің әйелдерге, әйелдердің еркектерге сәлем беру тарауы. №5895 хадис.
Ибн Хажар әл-Асқаләни: «Фәтхуль Бәри», №9335.

Абдусамат Қасым