Жібек көрпелерді қолдануға бола ма?
Жібек көрпелерді қолдануға бола ма?
4 жыл бұрын 5958

Ер адамдарға жібектен киім киюге болмайтындығын білеміз. Пайғамбарымыздың (с.а.у.) хадистерінде ашық тыйм бар. Жібек көрпелерді де қолдануға болмай ма? Ермек.

Құрметті Ермек, жібек матадан тігілген көрпе, төсеніш, жастық сынды заттарды қолдану мәселесінде ғұламалар арасында талас бар.

Имам Ағзам Әбу Ханифаның тоқтамы бойынша, жібек көрпе-жастықтарды қолданудың ағаттығы жоқ. Өйткені, сахаба Абдулла ибн Аббастың алашасында жібектен жасалған шынтақтаяғышы болғандығы деректерде айтылған. Сондай-ақ, Әнәс ибн Мәликтің (р.а.) бір аста кішкене құстардың бейнесі бейнеленген жібек көрпешеге отырғандығы риуаят етіледі. Оның бұл әрекеті – жібекке және суреті бар кішкене көрпешеге отырудың рұқсат екендігін көрсетеді. Және де бұл - хадистегі тыйымның тек киімге қатысты екендігін, одан өзге көрпеше, жастық сияқты заттарға қатысы жоқтығын байқатады.

Әйтсе де, ұлық имамның қош шәкірті Имам Әбу Юсуф пен Имам Мұхаммед (р.а.) жібек көрпені де қолдануды мәкруһ санаған. Өйткені, астамшылықтың белгісі тек киісте ғана емес, жібекті жастануда, оған отырып, жатуда да табылады. Сондықтан да - мәкрүһ[1].

Бұған қоса, Ислам ғалымдарының көпшілігінің тұжырымдарынша жібек матадан тігілген көрпе-жапқыштарды қолдану - жібек киім киюдің үкімін алмақ[2].  

Қорыта айтқанда, күнделікті үй тұрмысымызда алтын пен күміс ыдыс-аяқтарды қолданудан тартынғанымыз секілді, таза жібектен тігілген көрпе-жастықты қолданудан да тартынғанымыз - тақуалық тұрғысынан абзал болмақ[3].

Осы тұрғыда, бүгінде жасанды жібек өндірісі де жолға қойылғандығын айта кету керек. Жасанды жібектер таза жібектің үкімін алмайды.


[1] Имам Кәсәни: «Бәдәиъус Санаиъу». 6/521-522 бет.
[2] Доктор Юсуф әл-Қардауи: «әл-Хәләл уәл Харам». 89 бет.
[3] Сахаба Хузайфа: «Алла елшісі біздерді алтын мен күміс ыдыстардан ішіп-жеуден, жібек пен дүрияны киюден және оған отырудан тыйды». «Сахих Бұхари».

Абдусамат Қасым