Жұма күні жеті нан пісіріп, Құранның аудио оқылуын бағыштаса бола ма?
Жұма күні жеті нан пісіріп, Құранның аудио оқылуын бағыштаса бола ма?
5 жыл бұрын 11438

Сәлеметсіз бе! Жұма күні жеті шелпек пісіріп, Құранның аудио оқылуын бағыштаса бола ма?

Сәлеметсіз бе!

Құранның аудио нұсқасын тыңдау және аудио арқылы жаттаған Құран сүрелеріңізді дұрыстау өз алдына сауабы бары анық.

Бірақ, Құранның аудио-видео оқылуын әруақтарға бағыштау дұрыс емес. Ол бағышталғанға саналмайды. Намаз оқығанда немесе азан айтқанда аудио-видео нұсқалары қалайша жарамсыз болса, Құран бағыштағанда да аудио нұсқасы жарамсыз деуге негіз бар. Тірі адам тарапынан жанды түрде оқылуы керек.

Мәселен, ертеректегі ғалымдар тиләуәт сәждесіне қатысты үкім айтқандарында "сәжде аятын естіген кісіге оны орындауы уәжіп болуы үшін ақыл-есі дұрыс тірі адам тарапынан оқылуы тиіс" екендігін айтқан.

Ханафи ғалымы Имам Шүрунбүләли бұған байланысты былай дейді: «сәжде аяты оқылғанда, оқыған адамның өзін емес даусының жаңғырығы естілген жағдайда «тиләуәт сәждесін» жасау шарт емес"[1].

Осыдан келіп, Құранның аудио оқылуын немесе видео оқылуын бағыштауды да бағыштағанға саналмайды дейміз. Өйткені, ол – жанды түрде оқығанның орнын баспайды.

Әрбір мұсылманның ең кемі қысқа төрт сүре жатқа білулері міндет. Құдайға шүкір, қазіргі таңда Құран жаттауға ешқандай кедергі жоқ. Мұндай кең заманда Құран білмеуді үзір санап, Құранның аудио оқылуына жүгіну мұсылманшылығымызға сын.  

Сондықтан да, әруаққа Құран бағыштайтын кезде, үйдегі отағасы, ол болмаса, бәлиғатқа толған балаларыңыз, олар жоқта отанасының өзі білген сүрелерін (кітаптан қарап болса да) оқып бағыштай алады.


[1] Имам Шүрунбүләли: Имдәд. 502 бет. 

Абдусамат Қасым