- Ассаләмуғалейкум! Күйеуімнің өгей әкесі маған махрам бола ма? Күйеуімді дүниеге келгеннен бағып-қағып, тәрбиесін берген. Оның өгей әке-шешесі екенін өсе келе білген.
- Қара түсті немесе қызыл түсті көлікті алуға бола ма? Ондай түстерге шайтан көбірек жолауы мүмкін дейді, сол рас па?
|
Күйеуімнің өгей әкесі маған "махрам" болып санала ма? Қара және қызыл түсті көлікті ала беруге бола ма?
|
Уағалейкумуссәләм уә рахматуллаһи уә бәракәтуһ!
1.) Құрметті сауал қоюшы, күйеуіңіздің өгей әкесі сіз үшін «махрам»[1] болып саналмайды. Сондықтан да, шариғи тұрғыда айтқанда ол кісінің алдында шариғат шәлісімен жүру керек болады.
Еске сала кетсек, келіні өзінің туған ата-енесінің алдында хижапсыз жүре алады. Өйткені, күйеуінің ата-анасы оның да ата-анасы іспетті.
2.) Қара түсті көлікті де, қызыл түсті көлікті де алудың ағаттығы жоқ. Пайғамбарымыздың (с.а.у.) кезінде қызыл түйе мінгендер де, қара жылқы мінгендер де болды[2]. Ешкім оларды «құтсыз» деп санамаған. Керісінше, Алла елшісінің (с.а.у.): «خيرُ الخيلِ الأدهَمُ», - деген сөзі бар. Оның мағынасы: «Жылқының ең абзалы – қара түстісі...»[3].
[1] Махрам – өмірлікке үйлене алмайтын туысы.
[2] Әл-Һәйсәми: Мәжмәъ» т.б.. Осы тұрғыда бір «өте әлсіз хадисте»: «Шынында шайтан қызыл түсті жақсы көреді. Сондықтан, қызыл түстіден және жұрттың назарын өзіне қаратар киімнен ұзақ тұрыңдар», - делінген. Хадис өте әлсіз болғандықтан, харам не мәкруһ үкімі шықпайды. Оның үстіне Пайғамбардың өзі кейде қызыл түсті «хүллә» деп аталатын киім кигендігі сахих хадистер келтірілген.
[3] Имам Тирмизи: «Сүнәнә» - №1696: خيرُ الخيلِ الأدهَمُ الأقرَحُ الأرثَمُ ، ثمَّ الأقرَحُ المُحجَّلُ طَلقُ اليمينِ ، فإن لم يَكُن أدهَمُ فكُمَيْتٌ علَى هذِهِ الشِّيَةِ