Таң намазына азан шақырғанда "ассаләту хайрум минән нәум" сөзін айтуды ұмытып кетсе не болады?
Таң намазына азан шақырғанда "ассаләту хайрум минән нәум" сөзін айтуды ұмытып кетсе не болады?
4 жыл бұрын 46066

Ассаләмуғалейкум! Азан шақырған кезде «ассалату хайрун миннан наум» деген сөзді ұмытып кетсе не істеу керек? Азамат.

Уағалейкумуссәләм уә рахматуллаһи уә бәракәтуһ!

Таң намазына азан шақырғанда «Намаз ұйқыдан жақсырақ» деген сөзді қосу сүннет. Риуаяттарға қарағанда Әзіреті Біләл таң намазына азан айтқаннан кейін, Әзіреті Айшаның есігіне келіп: «Уа, Расулаллаһ, Намаз!», - деп дауыстайды. Айша анамыз: «Пайғамбар ұйықтап жатыр» дейді. Сонда Біләл: «Намаз ұйқыдан жақсырақ» деген мағынада – «Ассаләту хойрум минән нәум» деген екен. Көп ұзамай Алла елшісі де ұйқысынан тұрады. Айша анамыз Әзіреті Біләлдің «Намаз ұйқыдан жақсырақ» деп дауыстап кеткенін айтқанда, Пайғамбарымыз оның ол сөзін ұнатып, азан сөзіне қостырған екен[1].

Ал, енді азаншы ол сөзді айтуды ұмытып кеткен жағдайда, қарайды: Егер азан айтып бола салысымен көп ұзамай есіне түссе немесе азанның соңғы сөзін дыбыстап жатқанда есіне түсірсе, онда азанды аяқтап болғаннан кейін оны да екі рет қайталап айтса болады[2]. Ал, сол арада көп уақыт өтіп кетсе, яғни, көп уақыттан кейін барып «ұмытқандығын» еске түсірсе, сол күйінше айтпайды. Шақырған азаны саналады. Ең дұрысы – Аллаға мәлім! 


[1] Имам Сарахси: «әл-Мәбсут».
[2] Ескі Ханафи фиқһ кітаптарында «ассалут хайрум минән нәум» сөзін азан айтып болғаннан кейін айтылады деген. Бірақ, ертеден бері бүкіл мұсылман қауымы ол сөйлемді «хайя аляль фәләх» сөзінен соң айтып келеді. (Имам Мұхаммед рахимаһуллаһ. «әл-Асл». 1/133 бет).

Абдусамат Қасым