Қатты күйзелгенде өзіме өлім тілеймін. Осым күнә ма?
Қатты күйзелгенде өзіме өлім тілеймін. Осым күнә ма?
9 жыл бұрын 12697

Сәлеметсіз бе! Адамның өз-өзіне өлім тілегені күнә ма? С.

Армысыздар! Мен қатты күйзелген кезде өз өзіме жамандық тілеймін. Бұл күнә ма? М.

Құрметті сауал жолдаушы! Бір күні ардақты Пайғамбарымыз (с.а.у.) көкесі Аббастың үйіне барады. Кіріп қалса, күйзеліс үстінде өзіне өлім тілеп отырған көкесін көреді. Сонда Пайғамбарымыз (с.а.у.) оған: Уа, Аббас! Уа, Пайғамбардың көкесі! Өзіңе өлім тілеме. Егер жақсы адам болсаң, жақсылығыңды арттыра түс. Сен үшін сол қайырлы. Ал, жаман адам болсаң, Алланың ризалығын тіле (күнәңа кешірім сұра , өзгер). Сен үшін сол қайырлы (мүмкіндік). Өлім тілеме», - деп насихат еткен екен[1].

«Адам баласы әлсіз жаратылған»[2] дейді Құран Кәрім. Кейде қатты қиналғанда адамға жарық дүние қараңғы қапасқа айналғандай сезіледі. Сонда: «Бүйткен өмірі құрысын» - деп сабырсыздық танытып жатады. Әрбір адам баласы осындай халді басынан өткеруі мүмкін. Адам табиғаты сондай. Сондықтан, мұндай халдегі кісіні айыптаудан аулақпыз. 

Дегенмен, күйзелген уақытта өз-өзімізге өлім тілеудің, өмірден түңілудің ешбір пайдасы жоқ. Керісінше, ол нәрсе күйзелісті арттыра түседі.  

Мұндай кезде, ең жақсысы өзіңізді сабырға шақырып, Аллаға сыйыну керек. Құранда: «Менен сабыр және намаз арқылы жәрдем тілеңдер» - делінген. Яғни, күйзелістің бірден-бір емі - іштей сабырлыққа шақырып, мүмкіндік болса, мешітке барып намаз оқуы. Сабыр және намаз арқылы іштегі бұрқасын  басылып, мәселені саналы түрде таразылауға мүмкіндік туады.

Бұнымен қатар шама-шарқыңызша садақа беруді де ұмытпаңыз. Өйткені «Жақсылық – жамандықты қайтарады» - деген Жаратушымыз.

Сөзіміздің соңында ертеректе өмір сүрген Ислам тұлғаларының бірі, ғалым әрі сопы Мәуләнә Жәләлуддин ар-Румидің мына ұлағатты бір сөзімен аяқтағанды жөн көріп отырмыз:

«Кілемді сабалаушының мақсаты ұру емес, шаңын қағып, оны тазалау. Тура сол сияқты, басқа түскен қиындық арқылы да Алла Тағала бойымызға біткен шаң-тозаңды қағып, тазалайды. Ендеше, неге сонша қайғыланасың?!»

[1] Ахмәд ибн Ханбәл – мүснәд; Әл-Хаким  - әлМүстәдрак.
[2] Ниса сүресі, 28- аят.
[3] Мәриям сүресі, 23,24 аяттар.

Абдусамат Қасым