Құрамында спирті бар иіссуларды қолдануға бола ма?
Құрамында спирті бар иіссуларды қолдануға бола ма?
10 жыл бұрын 11483

Құрамында спирті бар одеколон, дезодорант,  духи сияқты иіссуларды қолдануға бола ма? Дәретке немесе намазға кедергісі бар ма? Ләззат

Ләззәт ханым, Ардақты Пайғамбарымыз (с.а.у.) өзінің бір хадисінде: «Шындығында, харам да, халал да анық. Олардан басқа, (адал-арамдығы) белгісіз күмәнді мәселелер де бар. Адамдардың көбі олардың харам не халал екенін біле бермейді. Ал күмәнді нәрселерден бойын аулақ ұстағанның діні мен ары таза болмақ[1]», - дейді. Ендеше, мүмкіндік болса құрамында спирті жоқ иіссуларды себуге тырысыңыз. Қазіргі таңда мұндай спиртсіз иіссуларды іздесеңіз, оңай табасыз.

Ал, құрамында спирті бар иіссуларды қолдануға келер болсақ, оны кейбір ғалымдар дұрыс емес дейді. Олар: «Спирт те мас қылатын ішімдіктер тәрізді нәжіске жатады. Сондықтан, құрамында спирті бар парфюмерия немесе косметика сияқты заттарды қолдану намазға кедергі келтіреді[2]», – деген уәжді алға тартады.

Әйтсе де, ондай иіссуларды себінуге рұқсат дейтін ғалымдар да жоқ емес. Олар  нәжісті екіге бөліп қарастырады. Біріншісі қан, зәр іспетті киімге немесе денеге тисе, намазға кедергісі бар табиғи нәжіс. Екіншісі, пұт, темекі сияқты денеге тисе намазға кедергісі жоқ рухани нәжіс. Олар: «Спиртті ішу – харам. Десе де, денеге немесе киімге тисе намазға кедергісі жоқ, яғни рухани нәжіс санатынан» дегенді айтады[3]. Яғни, спиртті әтірге араластыруға, медициналық мақсатта т.б. қолдануға болады. Намазға ешқандай кедергісі жоқ. Ал, оны жүзім шарабына теңеп, табиғи нәжіс деу күмәнді. Өйткені, Маида сүресіндегі арақты «нәжіс» деген аяттың мағынасын «жек көріңішті әрекет» деп  түсінуге де болады[4].  Алайда бұл, спиртті ішуге болады деген сөз емес[5]» деген тоқтамға келген.

Бұл тұжырымды Ханафи мәзһабындағы ғалымдар да құптайды. Өйткені, Әбу Ханифа мен Әбу Юсуфтің (р.а.) сөзіне қарағанда: үлкен дәрет, зәр, қан сияқты нәжістер қатарына тек Құранда аты аталған жүзімнен жасалған шарапты ғана жатқызамыз. Ал бұдан өзге мас қылатын ішімдіктерді ішуге тыйым салынғанымен, денеге немесе киімге тиіп кетсе, намазға кедергісі жоқ» [6]. Ханафи мәзһабының ғұламасы Мухаммад Захид әл-Кәусәри (1879-1951 ж.)[7]  туысына жолдаған хатында Әбу Ханифа мен Әбу Юсуфтің осы қағидаларына сүйене отырып былай дейді: «спирт» Әбу Ханифа (р.а.) бойынша «нәжіс» емес. Имам Ағзамның осы сөзі көп жерде тығырықтан шығарады. Спирттің әтірге қосылып, киімге себілуі намазға ешқандай кедергі тудырмайды»[8].

[1] Тирмизи , Китабуль Буюғ – 1205.
[2] а) http://www.islamweb.net/fatwa رقم الفتوى: 254 ә) http://www.ahlalhdeeth.com - 16470 : رقم الفتوى  б) http://www.alfawzan.af.org.sa/node/5510 - Доктор Салих бин Фауазан  в) Абдульазиз бин Баз: Фатауа Нур – 2/598 бет  
[3] Саид Сабиқ, Фиқһус сунна, 1 –том , 27 бет.; Проф.Доктор Хисамуддин әль Ифана, Ясалунака 2 том 428 бет http://qaradawi.net/; http://www.fikhguide.com/guests/question/126
[4] Тафсируль Бағауи – 3/94 бет;  Табари Тәпсірі – 8/655-656 бет;; Фатауа Мухаммед бин Салих Усәймин;       Кәсәнидің Бадайғ 1/379-386 беттердегі  сілтеме.
[5] http://www.islamic-council.com/Даруль Ифта әль Мысрия/ Фатуа - 4538 нөмер;
[6] У.Зухайли, Маусуғатуль фиқһиль Ислями: 6-том, 112 бет.; H.Donduren, Islam Ilmihali – 825 бет; Түркия Дін Істері Басқармасы: Іlmihal -2/93 бет. Анкара 2006 ж.
[7] Осман халифалығында туындаған ғалымдардың соңғы тұяғы. Шейхуль Ислам Муххаммад Сабридың оқу-ағарту істерінің өкілі атағын алған ғұлама. Фиқһ, Хадис, Тәпсір, Ақида сияқты ғылымдарын жетік меңгерген кісі. Көптеген еңбектер жазып, артында көптеген шәкірттер қалдырды. 1922 жылы Мысыр мемлекетіне көшіп, 1951 жылы Кайыр қаласында дүниеден озды. Қабірі Имам Шафи мазарының жанында.
[8]  http://hayrettinkaraman.net/Kolonya

Абдусамат Қасым