«Саләтән тунжинә» дұғасын оқуға бола ма?
«Саләтән тунжинә» дұғасын оқуға бола ма?
2 жыл бұрын 11884

Әс-сәләму 'аләйкүм! "Саләәтән тунжиинәә" дұғасы туралы білгім келіп еді. Ол туралы хадистер бар ма? Бар болса соларды көрсетіп, қаншалықты сенімді хадистер екенін айтып берсеңіз. Рахмет! Анон.

Уағалейкумуссәләм уә рахматуллаһи уә бәракәтуһ!

«Саләтән тунжинә» дұғасы хадистерде келмеген. Кейбір әулие кісілердің жүректеріне илһам жолымен білдіріліп, кейін қағаз бетіне түсірілген деседі. Бұл салауат өзінің атауын сөйлемдегі «сәләтән тунжинә» деген сөзден алады. Саләтән тунжина дұғасын оқыған кісі түрлі бәле-жаладан, әртүрлі қауіп-қетерден аман болады деп сеніледі, және де тілеген тілектері орындалып, ырзық-несібесі молаяды деген үміт бар.

Сәләтән тунжинә дұғасы төмендегінше:

اَللّهُمَّ صَلِّ عَلَي مُحَمَّدٍ وَ عَلَي آلِ مُحَمَّدٍ صَلاَةً تُنْجِناَ بِهَا مِنْ جَمِيعِ الاَهوالِ وَ اْلآفاَتِ وَ تَقْضِي لَناَ بِهَا جَمِيعَ الْحَاجَاتِ وَ تُطَهِّرُنَا بِهَا مِنْ جَمِيعِ السَّيِّآتِ وَتَرْفَعُنَا بِهَا عِنْدَكَ اَعْلَي الدَّرَجَاتِ وَ تُبَلِّغُنَا بِهَا اَقْصَي الْغَايَاتِ مِنْ جَمِيعِ الْخَيْرَاتِ فِي الْحَيَاة وَ بَعْدَ الْمَمَاتِ

Транскрипциясы:

«Аллаһуммә салли аля сәиидинә Мұхаммед, уә алә әәли Мұхаммед. Саләәтән тунжинә биһә мин жамииъиль әһуәл уәл әәфәәти. Уә Тақды ләнә биһә жәмииъәль Хәәжәәти. Уә тутоһһирунәә биһә мин жәмииъис сәии-әәти. Тәрфәъунә биһә ъиндәкә Аъләд дәрәжәәти. Уә тубәллиғунәә биһә ақсаль ғоойяяти – мин жәмииъл хойрооти филь хаяяти бәъдәль мәмәәти».  

Ал енді бұл салауат қайдан шыққан, дегенге келсек, ақпараттарға қарағанда, өткен бір заманда Шейх Салих Мұса ад-Дарир деген кісі өмір сүрген екен. Сол кісі күндердің бірінде теңізде кемемен сапар шегіп бара жатқан кезде қатты дауыл тұрады. Ол дауылды жұрт «Ақләбия дауылы» дейді екен. Ол дауылдан аман қалатындар өте аз болған. Содан, кемедегілер «өлетін болдық» деп бәрі қорқып, жандарын шүберекке түйіп отырғанда, Салих Мұса ад-Дарир ұйқыға кетеді, түсінде Пайғамбарымызды (с.а.у.) көреді. Пайғамбарымыз (с.а.у.) оған: «Кемедегілерге айт! Мына салауатты мың мәрте оқысын» деп, жоғарыдағы «саләтән тунжия» дұғасын үйретіпті. Салих Мұса ұйқысынан оянып, кемедегілерге түсін баяндап беріпті де, бәрі шамамен үш жүз мәрте саләтән тунжия дұғасын оқиды, соның нәтижесінде Алла Тағала дауылды тоқтатып, бәрі аман-есен жағаға жеткен екен.

Хадистерде келмегенімен мазмұны жағынан өзге дұғалармен сәйкесетіндіктен «саләтән тунжинә» дұғасын оқудың еш әбестігі жоқ.

Абдусамат Қасым