Шариғатта абайсызда кісі өлтіріп қойғанның жазасы қандай?
Шариғатта абайсызда кісі өлтіріп қойғанның жазасы қандай?
3 ай бұрын 3555

Ислам дінінде әдейі емес, абайсызда, қателесіп кісі өлтіріп қойған болса, оның жазасы қандай?

Ислам дінінде әдейі емес, абайсызда, қателесіп кісі өлтіріп қойған мұсылманның шариғаттағы жазасы:

  • Мәйіттің мұрагерлеріне құн төлеу. Мұны "диет" дейді. 
  • Кәффәрат өтеу. Кәффәраты - бір мұсылман құлды азат етуі тиіс, оған мүмкіндігі жоқ кісі екі ай үзбей ораза ұстауы тиіс. 
  • Мұрадан қағылу. Өйткені Пайғамбарымыз (с.а.у.): «Адам өлтіруші – мұра алмайды» - деген1. (Мысалы, өлген адам туысы болса, оған бұл мұрагер бола алмайды).

Бұл үкім Құран Кәрімнің мына аятына сүйенеді:

«...Кім бір мүмін-мұсылманды қателесіп өлтіріп қойса, оған бір мүмін құл азат етуі әрі өлгеннің иесіне құн тапсыруы тиіс. Бірақ олар кешірім етсе ол басқа... Бұны таба алмаған кісі Аллаға жасаған тәубесі ретінде екі ай жалғасымды түрде ауыз бекітеді!...»2.

(Қателікке мысал: аң екен деп қалып адамды атып жіберсе, қазған құдығына адам құлап өлсе, біреудің үстіне құлап абайсызда жаншып өлтірсе т.б.)

Ханафи ғалымдары тақырыпқа байланысты қателікті үш түрге бөлген:

  • Қателесу. Мұның өзі – діттеуінде қателесу және ісінде қателесу болып бөлінеді. Жазасы – құн төлеу, кәффарат өтеу, мұрадан қағылу. Абайсызда туындаған іс болғандықтан, (о дүниеде) күнә жазылмайды. 
  • Қателікке ұқсас немесе қателіктің үкімін алатын іс. Жазасы – құн төлеу, кәффарат өтеу, мұрадан қағылу. Абайсызда туындаған іс болғандықтан, күнә жазылмайды. 
  • Істеген ісінің салдарынан кісі өлімі туындау. Жазасы – құн төлеу. Кәффарат өтемейді және мұрадан қағылмайды3. Абайсызда туындаған іс болғандықтан, күнә жазылмайды. 

Құнды кім төлейді?

Әдейі емес, қателесіп кісі өлтіргеннің өтеуі керек құнды ағайын-туыс, руластары өзара бөлісіп үш жыл ішінде төлейді. Ал кісі өліміне себепші болған кісі - құл азат етеді, оған мүмкіндік болмаса екі ай үзбей ораза ұстайды. Құн – өлген адамның туыстарының ақысы. Кәффарат – Құдай алдындағы абайсызда болса да кісі өліміне себепші болғандығының кешірімінің өтемі. Егер өлген адамның туыстары кешірім берсе, құн төлемейді, бірақ екі ай кәффарат оразасын ұстауы тиіс.

Құнының мөлшері

Қателікпен өлтіргеннің құны ескілікті фиқһ кітаптарында – жүз түйе делінген (мұның өзін түр-түрге бөліп береді) немесе оның орнына мың алтын дирхам (шамамен 4 кг алтын), яки, он екі мың күміс динар ақша (шамамен 28 кг күміс) төленеді. Мұны абайсызда өлтірген кісінің ағайын-туыстары, рулас жақындары өзара бөлісіп үш жыл ішінде төлейді. Егер жәрдем берер ағайын-туыстары болмаса, мемлекеттің қазынасынан өтеледі(4).

Қателікпен абайсызда өлтірген кісісі мұсылман болсын, мейлі діні бөтен «зимми» болсын, құнын төлеу мен кәффарат өтеу ісінде бірдей. (Зимми - мұсылман емес, бірақ мұсылман өкіметінің қорғауындағы діні бөлек кісі). Өйткені жоғарыдағы аяттың жалғасында былай делінеді:

«...Егер (өлген кісі) сендер мен олардың арасында келісім болған бір қауымнан болса, өлгеннің иесіне құны тапсырылады және бір мүмін құл азат етіледі, бұны таба алмаған кісі Аллаға жасаған тәубесі ретінде екі ай жалғасымды түрде ауыз бекітеді!»5

Әлхамдулилләһи Раббиль аләмин!


 

1) Әл-Бәйһақи келтірген. Әбу Һурайрадан жеткен; «әл-Мәусуъатуль Фиқһиятуль Куәйтия». 32/329 бет.
2) Құран Кәрім: «Ниса» сүресі, 92 аят.
3) Әл-Мәйдәни: «әл-Лүбәб», 3/26 бет. «әл-Жинәят».
4) Бәдурддин әл-Айни: "әл-Бинәя шәрхуль Һидая", 13/383 бет. (Кей кітаптарда туыстары болмаса , өзінің жеке мал-дүниесінен төлейді делінген. "әл-Фәтәуә әл-Һиндия",6/104 бет.).
5) Құран Кәрім: «Ниса» сүресі, 92 аят.

Абдусамат Қасым