Ұялы телефондағы азанды бірден өшіруге бола ма, әлде соңына дейін тыңдау шарт па?
Ұялы телефондағы азанды бірден өшіруге бола ма, әлде соңына дейін тыңдау шарт па?
4 жыл бұрын 8630

Ассаламуғалейкүм уә рахматуллаһи уә бәрәкәтуһ! Телефонда азан шақырылса, оны өшіруге бола ма, әлде әбден біткенше тыңдау керек пе? Ажар.

Уағалейкумуссәләм уә рахматуллаһи уә бәракәтуһ!

Айтылған азанды азан деп есептеуіміз үшін ақыл-есі дұрыс тірі адам тарапынан айтылған болуы керек. Азанның телефондағы аудио нұсқасы азан шақырылған болып саналмайды[1]

Мәселен, Ханафи мәзхабында оқылған Құранды «қырағат» деуіміз үшін ақыл есі дұрыс, тірі адам тарапынан оқылған болуы керек. Ал, мысалы, ақылы жоқ тотықұстың Құран оқуы немесе Құранның жаңғырығы «қырағат» ретінде есептелмеген[2]. Осыған орай, «оқылған Құранды үндемей тыңдау» үкімі Құранның аудио және видео нұсқаларына қатысы жоқ делінген. Өйткені, олар Құран оқушының тек даусының көшірмесі болғандықтан, «қирағат» ретінде саналмайды. Ұялы телефондағы азан үні де сол сияқты.

Сондықтан да, ұялы телефондағы намаз уақытында дыбысталатын азан үнін соңына дейін тыңдау шарт емес, оны бірден өшіріп тастауыңызға құқылысыз.


[1] Дүниежүзілік Ислам фиқһ ұйымының бекіткен қаулысында: «Мешіттерде намаз уақыты кіргенде азанды үнтаспа (кассета) және соған ұқсас құралдар арқылы жариялау - азан айтылған болып есептелмейді...», - делінген.
[2] Имам Шүрунбуләли: «Имдәт». 502 бет.

Абдусамат Қасым