Әйел неке қиярда болашақ жарына "екінші әйел алмайсың" деп шарт қоя ала ма?
Әйел неке қиярда болашақ жарына "екінші әйел алмайсың" деп шарт қоя ала ма?
3 жыл бұрын 8142

Сәлеметсіздер ме! Әйел кісі үйленер сәтте өзінің болашақ еріне «екінші әйел» алмауын шарт қоя ала ма? Анон.

Сәлеметсіз бе!

Әйел адам неке қию барысында болашақ күйеуіне алдағы уақыттарда екінші әйел алмайсың деп шарт қоя алмайды. Сондай бір талапта болған күннің өзінде, неке сахих (дұрыс), ал ол шарты фәсид үкімін алады[1]. Яғни, неке қиылған болып есептеледі, ал ол шарт жоққа есептеледі. Күйеуі әйелінің ол талабын орындамауға құқылы. Орындаса да өз еркі.  

Ханафи мәзхабы бойынша, қыз тарапынан не ұл тарапынан неке қию барысында көлденең тартылар қосымша талап пен шарттар назарға алыну үшін, ол шарт-талаптар - неке келісімінің мазмұнына сай болуы керек, әрі шариғат үкімдеріне теріс болмауы тиіс. Ал, шарт-талаптар неке келісімінің мазмұнымен ұштаспаса, яки шариғат үкімдеріне теріс келсе, ол шарттар «фәсид» үкімін алып, назарға алынбайды. Бірақ неке дұрыс болып қала береді[2].

Мысалы, жігіт қызға: «нәпақа бермеу шартымен сені әйелдікке алдым» десе, бұл жердегі қойылған шарт - неке келісімінің мазмұнына теріс. Сондықтан да, назарға алынбайды. Сондай-ақ, мысалы қыз жігітке: «бірінші әйеліңді талақ ету шартымен саған тұрмысқа шықтым» десе де, оның бұл талабы негізсіз. Өйткені, онысы шариғат үкімдеріне қайшы т.б. 


[1] Бадруддин ал-Айни: «әл-Биная». «Мәһр» тарауы.
[2] Уаһбату Зухайли: «әл-Фиқһуль Исләми уә Әдилләтуһу». 9/6540.

Абдусамат Қасым