"Бас екеу болмай, мал екеу болмайды" деген сөздің дінде негізі бар ма?
"Бас екеу болмай, мал екеу болмайды" деген сөздің дінде негізі бар ма?
2 жыл бұрын 10466

"Бас екеу болмай, мал екеу болмайды" деген сөздің дінде негізі бар ма?

«Бас екеу болмай, мал екеу болмайды» деген сөздің мәнісі – үйленген кісінің өміріне береке кіріп, ырзық-несібесі артады дегенді білдіреді. Бұндай нақыл сөздің дінде негізі жоқ емес. Оның олай екендігі қасиетті Құран кітапта да ашық айтылған. «Нұр» сүресінің 32 аятында Жаратушы Иеміз былай дейді:

«Араларыңдағы бойдақтарды үйлендіріңдер және құлдарың мен күңдеріңнің салиқалыларын да үйлендіріңдер. Егер олар кедей болса, Алла өзінің кеңшілігінен байытады. Алла өте кең, барлық нәрсені білуші»[1].

Аталмыш аятта «егер олар кедей болса, Алла өзінің кеңшілігінен байытады» дей келе, үйленген кісінің малына мал қосылып, үйіне береке кіріп, ырзық-несібесі артатындығына назар аудартуда.   

Сондай-ақ, «бас екеу болмай, мал екеу болмайды» деген мақалға мағыналас біршама әлсіз риуаяттар да кездеседі. Атап айтсақ:

1) Сахаба Абдулла ибн Аббастан риуаят етілгендігі айтылған мына бір әлсіз риуаятта былай делінеді: «Ырзықты некелесу арқылы іздеңдер»[2].

2) Сахаба Ибн Мәсъудтан да мынадай риуаят келгендігі айтылады: «Байлықты некеде іздеңдер»[3].

3) Жәбир ибн Абдулладан риуаят етілгені айтылған мына бір хадисте былай делінген: «Пайғамбарымызға (с.а.у.) бір кісі келіп, тұрмысының нашарлығын шағымданды. Сонда Алла елшісі (с.а.у.) оған үйленуін бұйырды»[4].

4) Тағы бір риуаятта былай делінген: «Әйелдерге үйленіңдер. Шынында олар сендерге мал-дүние алып келеді»[5].

Қарап тұрсаңыздар, үйленген жағдайда бір малы екеу болып, ризық-несібесі артады деген түсініктің дінде де бар екендігін көріп тұрмыз. Расында да, кей адамдардың өміріне береке – үйленгеннен кейін кіріп жататындығын байқауға болады. Бойдақ кезінде әбіржіп жүріп, үйленгеннен соң несібесі артып, үй-жайы реттеліп, молшылыққа қол жеткізген қаншама адам бар. Бұл да болса өмірдің бір заңдылығы болса керек. Сол заңдылықты атам қазақ «бас екеу болмай, мал екеу болмайды» деп бір ауыз сөзбен түсіндіріп өткен. Ал дінімізде ол заңдылыққа негіз болар деректердің орын алуы, аталмыш мақалдың шынайылығын нақтылай түсері анық.


[1] Құран Кәрім: «Нұр» сүресі, 32 аят.
[2] Дәйләми; әл-Уәхиди. Әлсіз хадис.
[3] Имам Табари: «Жәмиъут тәуил». Әлсіз.
[4] Хатыйб әл-Бәғдәди: «Тәриху Бәғдәд». Өте әлсіз риуаят. Осы риуаяттың басқа бір нұсқасы: «Фәйдуль Қадир» кітабында (әл-Мәнәуи) және «әл-Мәқасыйдуль Хәсәнә» кітабында (Сәхәуи) келтірілген.
[5] Әлсіз хадис. islamqa info

Абдусамат Қасым