Еркектердің де неке қимай тұрып күтетін иддет мезгілдері бар ма?
Еркектердің де неке қимай тұрып күтетін иддет мезгілдері бар ма?
4 жыл бұрын 6723

Еркектердің де күтетін иддет мезгілдері бар ма?

«Иддет мезгілі» деп – әйел кісінің ажырасқаннан кейін немесе күйеуі қайтыс болғаннан кейін өзгеге тұрмысқа шықпай тұрып күтуі керек белгілі мерзімді айтамыз. Ажырасқан әйелдің иддәт күту мезгілі – үш хайыз уақыты (хайызы келмейтін әйелдер үш ай күтеді). Күйеуі қайтыс болған әйелдің иддет күту мерзімі – төрт ай, он күн. Аяғы ауыр әйелдікі – босанғанға шейін.

Ендеше, иддет мезгілі деген термин шариғатта көбінесе әйел баласына қатысты қолданылып жатады. Ер адамдарға қатысты «иддет мезгілі» дейтін арнайы шариғи термин қалыптаспаған. Бірақ, ер адамдардың да әлдекіммен неке қимай тұрып белгілі уақыт күтетін жағдайлар жоқ емес. Айталық:

1. Төрт әйелі бар ер адам, төртеудің біреуін талақ етсе, талақ етілген әйелінің үш хайыз иддет мезгілі бітпей, оның орнына басқа біреуді ала алмайды. Өйткені, әйелінің иддет мезгілі аяқталмай онымен толыққанды айырылысқан болып саналмайтындықтан, оның орнына басқасын алған жағдайда бесінші әйел алған сияқты болып есептеледі. Дінімізде бес әйелге рұқсат жоқ. Ең көп - төрт әйел. Сондықтан да, талақ еткен төртінші әйелінің үш хайыз иддет мезгілі аяқталғанша оның орнына басқасын ала алмақ емес. (Төртеуден аз әйелі барларға қатысы жоқ).

2. Әйелін талақ еткен еркек, әйелінің үш хайыз иддет мезгілі аяқталмай тұрып, оның (яғни, талақ етілген әйелінің) туған әпкесін немесе сіңлісін, нағашы әпкесін немесе сіңлісін, немере әпкесін немесе немере сіңлісін, бірге туған аға-інілерінің және бірге туған әпке-сіңлілерінің қыздарын некесіне ала алмайды. Талақ еткен әйелінің иддетінің аяқталуын күтуі керек.  

3. Біреуден ажырасқан әйелді некесіне алғысы келген кісі, оның ажырасқаннан кейінгі үш хайыз иддет мезгілінің аяқталуын тосуы тиіс. Иддеті аяқталмай некесіне ала алмайды әрі иддетін күту барысында оған сөз сала алмайды.

4. Діннен шыққан мүртәдд әйелді немесе буддизм, индуизм сияқты әһли кітаптан саналмайтын өзге діндегі әйелді некесіне алғысы келген мұсылман еркек, оның мұсылман болуын күтуі керек. Олар мұсылман болмайынша некесіне ала алмайды.

5. Әлдекіммен зина жасап көтеріп қалған басы бос әйелді некесіне алған бір мұсылман, онымен босанғанша жақындаспауы тиіс. Осы тұрғыда: «зина жасап көтерген әйел...» деп айттық, өйткені зина жасаған әйелге иддет күту шарт емес. Ал, егер біреудің некесінде болып көтеріп қалған әйел ажырасқан болса, иддет күтуі шарт, оның иддеті босанғанға дейін. Босанғанша оны некесіне өзге ешкім ала алмайды. 

6. Үшінші мәрте талақ еткен әйелін қайта некесіне алуы үшін оның басқамен тұрмыс құрып, кейін бір жағдайлармен ажырасуын күтуі керек болады. Оған дейін рұқсат жоқ.

7. Бір әйелмен хайыз уақытында некелескен болса, некелері дұрыс саналғанымен, онымен хайызы тоқтағанша жақындаса алмайды. Хайыздан тазарғанын күтуі керек[1].


[1] «Ниъметуль Ислам».

Абдусамат Қасым