Иддәт мезгілі бітпей қиылған неке санала ма?
Иддәт мезгілі бітпей қиылған неке санала ма?
6 жыл бұрын 5727

Әссәләмуалейкум! Аға, идда уақыты өтпей қиылған неке қалай болады екен? Идданың бітуіне 20 күн қалғанда қиылыпты. Енді, не істеу керек әрі қарай? Жаңадан некелерін жаңартса болмай ма? Диляра.

Уағалейкумуссәләм уә рахматуллаһи уә бәракәтуһ! 

Күйеуі өлгеннен кейін немесе талақ айтылғаннан соң әйел кісі белгілі мерзім күтеді. Оны шариғатта «Иддәт-عِدَّةٌ» деп атайды. Иддәттің сөздік мағынасы «санау» дегенге саяды. Күйеуі қайтыс болған әйелдің күту мерзімі – 4 (төрт) ай және 10 (он) күн. Ажырасқан әйелдің күтү уақыты – 3 (үш) етеккір мерзімі. Аяғы ауыр әйелдің (мейлі жесір әйел болсын, мейлі талақ айтылған әйел болсын) иддәті - босанғанға шейін жалғасады. Хайыз келмейтін әйелдің иддәті - үш ай.  

Иддәт мерзімі бітпей, өзгеге тұрмысқа шығуға жол жоқ. Неке қиылған жағдайда ол неке «фәсид неке» үкімінде. Яғни, қиылған неке шариғат тұрғысынан неке болып саналмайды. Қасиетті Құран Кәрімде былай бұйырылған: «Белгіленген уақыт бітпейінше (иддәт мерзімі бітпейінше), неке қиюды ойламаңдар (немесе ниеттенбеңдер)...»[1].

Ендеше, сұрақтағы жағдайда қиылған неке – неке емес. Арада неке болмағандықтан ерлі-зайыптылық байланысты уақытша үзуге тура келеді. Әйтсе де, некеден бұрын үш хайыздық иддәт мерзімінің екеуі өтіп, үшіншісі қалғандықтан, тағы бір хайыз уақыты күтулері тиіс (осылайша үшке тәмәмдап), одан соң некені жаңадан қиюларына құқылы[2].     

Ең дұрысы – Аллаға мәлім!


[1] Бақара сүресі, 235 аят.
[2] Фәтәуә әт-Татархания - 4/51 бет; Жәуһәрәтун нира – 1/252 бет; әл-Ихтияр – 3/257 бет.    

Абдусамат Қасым