Күйеуі із-түссіз жоғалған келіншек басқамен отау құра ала ма?
Күйеуі із-түссіз жоғалған келіншек басқамен отау құра ала ма?
5 жыл бұрын 6551

Әссәләмуғалейкум! Күйеуі жоғалған келіншек 10 жылдан кейін неке қидырып, тұрмысқа шыға ала ма?

Уағалейкумуссәләм уә рахматуллаһи уә бәракәтуһ!

Күйеуінің өлі-тірісі белгісіз жоқ боп кетуін шариғатта «әл-Мәфқұд» дейді. Ал, тірі екендігі белгілі болса, оны "Ғайб" дейді. 

Бүгінгі сұраққа арқау болып отырған мәселе - өлі-тірісі белгісіз, із-түссіз жоғалған "әл-Мәфқұд" жайында болып отыр. Оған байланысты фиқһ кітаптарында өзіндік үкімдері мен шарт-талаптары көрсетілген. Олар қысқаша төмендегідей: 

1. Егер күйеуінің жоғалуы аман-сау екендігін көрсетер себептерден туындаса, мысалы, сауда-саттық үшін немесе ғылым іздеп шығып із-түссіз жоғалса, Имам Ағзам Әбу Ханифа, Ибн Шүбримә және Ибн Әбу Ләйлә бойынша, өлгендігіне қатысты шариғи нақты айғақ табылмайынша немесе қатарлары бақилық болмайынша, тірі үкімінде болып, некесі бұзылмайды.

Имам Ахмәттың және Имам Шафиғидың кейінгі (жәдид) пәтуасы да осыған саяды.

2. Ал, егер оның жоғалуы өлгендігін көрсетер себептерден туындаса, мысалы, күндіз не түнде үйінде жүрген адам өзінен-өзі жоғалып кетсе, немесе мешітке шығып қайта оралмаса, яки, базарға бір зат алуға шығып, содан із-түссіз жоқ боп кетсе, соғысқа кетіп оралмаса т.б.

Имам Ахмат және Имам Шафиғи өзінің ескі пәтуасында: «ондай кезде төрт жыл күтеді» деген. Төрт жылдан кейін де табылмаған жағдайда, өлгендігіне үкім шығарылып, әйелі төрт ай, он күн иддәт мезгілін күтеді де, қаласа басқаға тұрмысқа шығады.

Сахабалардан Әзіреті Омар және Әзіреті Османның мәселені осындай пәтуаға байлағандықтары деректерде айтылады. Табиғин Ибн Мүсәиәбтан жеткен риуаятта былай делінеді: «Омар мен Осман із-түссіз жоғалған адамға қатысты былай деп қазылық еткен: «Әйелі төрт жыл күтеді. Одан соң (төрт ай, он күн күтіп), басқаға үйлене алады. Егер, бірінші ері оралса, әйелін не мәһрін қайтарып алу арасында таңдау жасауына мүмкіндік беріледі»[1].

Басқа бір нұсқасында «Төрт жыл өткеннен кейін, күйеуінің уәлиі оның орнына талақ береді» делінген.

Имам Ағзам Әбу Ханифа болса, бұл жағдайда да қанша уақыт өткені маңызды емес, нақты өлгендігіне айғақ табылмайынша әйелі күтеді дейді.

"Ондай адамның өлгендігіне нақты айғақ табылмайынша, әйелі күтеді" деген сахабалар – Әзіреті Әли, Абдулла ибн  Мәсъуд. Табиғиндерден – Ибраһим ән-Нәхәъи. Мысалы, Әзіреті Әлидің: «Өлі екені, не тірі екені білінгенше әйелі күтеді» деген сөзі хадис кітаптарында келтірілген[2].

3. Имам Мәликтың тұжырымы өзгелерден қарағанда өзгешелеу. Ғұламаның байламы бойынша, күйеуі мұсылман елінде және бейбіт күнде жоғалған болса, әйелі төрт жыл күтеді. Төрт жылдан кейін де табылмаған жағдайда, әйелі төрт ай, он күн иддәт мезгілін күтіп, одан соң басқаға тұрмысқа шыға алады. Бұл - сол төрт жыл бойы күйеуінің қалдырған нәпақасы бітпеген болса. Ал, нәпақасы тоқтап, бітіп қалса, хабар-ошарсыз кеткен күйеуін төрт жыл күтпей-ақ қазыға шағымданып, «нәпақамен қамтамасыз етпеді» деген баппен некесін бұзуды талап ете алады.

4. Хабар-ошарсыз кеткен адамның өлі не тірі екендігіне қатысты үкімді сот бекітеді. Сол себепті, егер әйел тарапынан немесе күйеуінің мұрагерлері тарапынан сотқа арыз түсіріп, мәселе көтерілмейінше, әйелі үшін ол тірі үкімінде санала бермек. Қазының шешімінсіз некелері бұзылмайды.

Қашан қазы ол мәселені қолға алып, нәтижесінде сот оның «өлгендігіне» үкім шығарса, үкім шыққан сәттен бастап неке бұзылғанға есептеледі. Әйелі төрт ай, он күн күткеннен кейін, өзгеге тұрмысқа шыға алу құқы туындайды. 

5. Осы орайда, кейбір Мәлики мәзхабы ғалымдары; "қажеттілік туындаса қазының орнын уәлиі немесе мұсылман жамағаты баса алады" - деген[3]. Бұл шешім - мұсылман соты жоқ елдегі мүминдерге және мешітте неке қиып, заңды түрде АХАЖ-да тіркелмеген мұсылмандар үшін аталмыш жағдайларда жүгінер жол болмақ. Мәлики ғалымдарының жазған кітаптарының бірінде мынадай тұжырым келтіріледі:

«Егер әйел жүгінер сұлтаны жоқ жерде болса, мәселесін көрші-қолаңдарының ішінен (ауылдастарының ішінен) салиқалы кісілерге арызданады. Олар жоғалған ерінің мән-жайын зерттеп, зерделеп, анық-қанығына барып, ол еріне төрт жыл мерзім қояды. (Егер осы уақыт ішінде пайда болмаса), әйелі жесір әйелдің иддәтін күтеді, одан соң өзге ерге шығуы халал болады. Өйткені, басшы жоқ жерде мұсылман көпшіліктің жасаған ісі (шешімі) – басшының үкімі іспетті»[4].

Қорытындылай келе, Ханафи мәзхабы бойынша, хабар-ошарсыз кеткен күйеуінің өлгендігі анықталмайынша, әйелі ешкіммен тұрмыс құра алмайды. Ал, Ханбали және Мәлики мәзхабы бойынша, ондай кезде төрт жыл күтіп, одан соң сот арқылы некесін бұзуына құқылы. Кейін қосымша төрт ай, он күн күтіп, қаласа өзгемен некелесе алады. 

Ендігі жерде, сіздің мәселені Ханбали мен Мәлики ғұламаларының тұжырымы негізінде айтар болсақ, сұрақтағы әйел кісі ағайын-туыспен ақылдаса келе, мұсылман сотқа немесе Ислам орталығына (мешіт немесе пәтуа бөлімі, ислам орталығы т.б.) жүгіну арқылы 10 жыл бойы өлі-тірісі белгісіз, із-түссіз жоғалып кеткен ерінің өлгендігіне тоқтам жасап, некесін бұздыруына құқылы. Некенің бұзылғандығына үкім шыққаннан кейін, төрт ай, он күн иддәт мезгілін күтеді. Одан соң қаласа, басқаға тұрмысқа шығуына болады. Ең дұрысы - Аллаға мәлім! 


[1] Ибн Әби Шәйбә. Ибн Мүсәиәбтән жеткен. Бұған қарағанда, әйелі төрт ай иддәт мезгілін күту үстінде ері оралса, ол өзінің әйелі ретінде қала береді. Ал төрт ай, он күн өтіп, әйелі басқаға тұрмысқа шыққаннан соң оралса, әйелін қайта алуды не болмаса, әйеліне берген қалың малын қайтарып алу арасында таңдау мүмкіндігі беріледі. Егер, әйелін таңдаса, әйел екінші шыққан ерінен ажырасып, үш ай иддәт мезгілін күтіп, одан соң пайда болған бірінші еріне оралады... (әл-Жәмиъ фил Әхкәмит  Талақ. 287 бет).
[2] Абдурраззақ. Әл-Мусаннаф.
[3] Проф. Доктор Ахмәд Хажы әл-Курди: әл-Әхуалуш Шахсия.
[4] Тақи Усмәни: әл-Муъамәләтуль. 627 бет.

Абдусамат Қасым