Мас адамның қиылған некесі есептеле ме?
Мас адамның қиылған некесі есептеле ме?
4 жыл бұрын 3704

Ассаламуғалейкум! Неке қидырғанда арақ ішіп алған болса, ол адамның некесі санала ма?

Уағалейкумуссәләм уә рахматуллаһи уә бәракәтуһ!

Мас адамды екіге бөліп қарау керек:

1. Егер, ол аспан мен жерді, әйел мен еркекті ажырата алмайтындай мас болып, не айтып, не қойғанын білмейтіндей жағдайда болса, ондай күйде қиылған некесі дұрыс емес. Өйткені, оның үкімі ақыл-есі жоқ жындымен тең. Құран Кәрімде: «Ей, иман еткендер, не айтқандарыңды білгенге дейін, мас күйінше намазға жоламаңдар», делінген[1].

2. Егер, арақ ішіп алған адам есін түгелдей жоғалтпай, іс-әрекетіне есеп бере алатындай жағдайда болса, қиылған некесі дұрыс.  Пайғамбарымыз (с.а.у.): "Үш нәрсенің шыны да шын, әзілі де шын" – деген. Олар: Неке, талақ және әйелін рижғи талақтан кейін өзіне қайтару».   

Осы орайда, ішімдік ішудің ауыр күнә екендігін қаперде ұстаған жөн. Пайғамбарымыз: «Араққұмар – пейішке кірмейді» деп ескертеді[2].

Хақ Тағала Құран Кәрімде былай дейді: «Арақ жəне құмар ойнау арқылы шайтан сендердің араларыңа дұшпандық-ғадауат тудырады, сендердің намаз оқуларыңа кедергі жасамақ болады. Құдайды естеріңнен шығаруға тырысады. Арақ пен құмар ойнаудан сонда да безбейсіңдер ме?»[3].


[1] Құран Кәрім: «Ниса» сүресі, 43 аят.
[2] Ибн Мәжә: Сүнән.
[3] Құран Кәрім: «Мәида» сүресі, 91 аят.

Абдусамат Қасым