Қыздың келісімінсіз құда түсіп алып кетуге шариғатымыз не дейді?
Қыздың келісімінсіз құда түсіп алып кетуге шариғатымыз не дейді?
8 жыл бұрын 5212

Әссәләмуғалейкум!   Қыздың келісімінсіз құда түсіп алып кетуге шариғатымыз не дейді? (Қыз жігітті ұнатпайды). Қыздың келісімінсіз құда түсілген қызды алып кетуге бола ма? Муслим Демесинов

Уағалейкум әссәләм уа рахматуллаһи уә бәракәтуһ!

Исламда қыздың ризалығы шарт болып табылады. Шариғат бойынша, қыз мейлі бұрын тұрмыс құрған болсын, мейлі  әлі тұрмысқа шығып көрмеген болсын, ұзатудан бұрын әуелі келісімі сұралады. Ардақты Пайғамбарымыз (с.а.у.) сахих хадистерінің бірінде: «Жесір  (немесе ажырасқан) әйелдің бұйрығын алмайынша, (яғни, сөз жүзінде ризалығын алмайынша), некесі қиылмайды. Ал, бойжеткеннің рұқсаты алынбайынша, некесі қиылмайды», - деп айтады. Сонда, айналасындағы сахабалар: «Уа Расулалла! Бойжеткеннің рұқсаты қалай болады?», - деп сұрайды.  Сонда Алла елшісі: «Оның рұқсаты – үндемеуі»[1], - деген екен. Енді ес кіріп, етек жиған бойжеткен қыз кейде ата-анасы тарапынан білдірілген ұсынысты мақұл көргенін ашық түрде айтуға қысылуы мүмкін. Ондай кезде, жақындары оның анық құптағанын не құптамағанын үнсіздігінен іздейді. Келіскенін ашық білдіріп жатса, құба-құп.   

Ендеше, мәселе сіз айтып отырғандай болса, шариғатқа қайшы. Күнә әрекет. Қыздың ықтиярынсыз неке де қиылмайтындықтан, ерлі-зайыпты саналмайды. О баста қызды айттырғанда, алдымен қыздың лұқсаты сұралады. Егер, қыз ыңғай танытып жатса ғана, құда түсуге қамданады. Сондықтан да, апай-топай алып кеткеннің орнына, қызға ойланып-толғануына мұрсат беріп, ең соңғы шешімді қызға қалдырған жөн.


[1] «Сахих Муслим»: Китабун никаф, №1419 хадис.

Абдусамат Қасым