Балаға ат қоярда азан айтылмаса, өскенде азан айту шарт па?
Балаға ат қоярда азан айтылмаса, өскенде азан айту шарт па?
7 жыл бұрын 51282

Әссәләмуғалейкум! Бір сұрағым бар еді. Әпкемнің балаларына туылғанда құлағына азан айтылып, ат қойылмапты. Өздері ат қойып солай атап жүре берген. Енді не болады? Сол балаларға қайтадан молда шақырып, құлағына азан шақырып, қайта ат қоямыз ба? Жалпы осы жайыл толықтырып айстаңыздар. Азан шақырмай ат қойылудың үкімі қандай?

Дулат Қуатов

Сәлеметсіз бе! Үлкен ұлым он алты жасар. Бірақ, оның атын қоярда азан шақырып, қойдық па, жоқ па – есімде жоқ. Осы қалай болар екен?

Гүлмира.

Уағалейкумәссәләм уә рахматуллаһи уә бәракәтуһ!

Жаңа туған сәбиге ат қоярда оң құлағына азан айтып, сол құлағына қамат түсіру – сүннет амалына жатады (мұстахаб дейтіндер де бар). Ардақты Алла елшісі немересі Хасан туылғанда құлағына азан шақырып ат қойғандығы хадистерде айтылған[1].

Кітаптарда келтірілген басқа бір риуаятта Пайғамбарымыз:

«Кімде-кім дүниеге келген баласының оң құлағына азан шақырып, сол құлағына қамат түсірер болса, ол балаға «Үммус сибянның» зияны тимейді (яғни, ол балаға жын-шайтаннан зиян келмейді)»[2], - дей келе аталмыш рәсімнің пайдалы тұсына назар аудартқан.

Мұнымен қоса, азан айтудың тәрбиелік мәні де жоқ емес. Азан сөздерін құлағына естірту арқылы, дүние есігін жаңа ашқан сәбиге: «Алланың құлы, Мұхаммедтің үмбетісің. Әлмисақтан мұсылман болғандықтан, өскенде Құдайға құлдық ұрып, намаз оқы. Мұсылман екеніңді ұмытпа» деп тұрғандай.

Ал, енді, аталмыш рәсім көбіне жаңа туған сәбиге жасалады (бірінші күні немесе ең кеш жетінші күні, одан кешіктірмеген абзал). Алда-жалда ата-ана ұмытып, ат қоярда азан айтылмаған болса, ол үшін күнә жазылмайды. Сондықтан да, кішкене күнінде құлағына азан айтылмаған балаларыңызға, өскеннен соң азан айтып, қайта ат қою шарт емес.  


[1] Тирмизи; Әбу Дәуід. Имам Байхақи.
[2] Имам Бәйхақи; Әбу Яъля. Әлсіз хадис. 

Абдусамат Қасым