Балам өгей болғандықтан күйеуім оған дұрыс қарамайды. Қандай насихат айтуға болады?
Балам өгей болғандықтан күйеуім оған дұрыс қарамайды. Қандай насихат айтуға болады?
7 жыл бұрын 4411

Ассалямуалейкум! Қарындасымыздың жолдауы: - "Сізге отінішім бар. Бір ұлыммен үйленбеген жігітке тұрмысқа шықтым. Шариғатта баласымен әйел алған еркектің міндеті, сауаптары жайылы не айтылған? Осы жайында уағыздыр, хадистер болса жіберіңізші  ! Жолдасым біліп, түсініп үйленген сияқты еді... Бірақ кішкене қиындықтар болып жатыр. Алла риза болсын!»   

Нұрбол Жәнкеев

Уағалейкумәссәләм уә рахматуллаһи уә бәракәтуһ!

Қарындастың жолдаған сұрағын оқып отырып, Пайғамбарымыздың асырап алған баласы Зәйд ибн Хариса есіме түсті. Кішкене күнінде Зәйд құл ретінде Хадиша анамыздың қолында еді. Кейіннен Хадиша анамыз оны жұбайы Мұхаммед пайғамбарға береді. Мұхаммед пайғамбар оны өз баласындай көріп, жақсы мәміледе болады. Күндердің күнінде, Зәйдтың руластары Меккеге қажылық сапарына келгенде, олар оны таниды да әкесіне хабар береді (Исламнан бұрын да арабтар каъбаны қасиет тұтатын). Әкесі ести сала қасына көкесін ертіп, Мұхаммед пайғамбарға келеді де құнын төлеп, алмақ болады. Бірақ, Мұхаммед пайғамбар «Маған құн төлеудің қажеті жоқ", - дейді де Зәйдті шақырып: «Еркің білсін. Қаласаң әкеңмен бар. Қаламасаң менің жанымда қал», - деп өз таңдауына қалдырады. Сонда Зәйд: «Мен сізді ешкімге айырбастағым келмейді. Сіз - мен үшін әке-шешемнің орнынасыз», - деп өз таңдауын білдіреді. Әкесі Хариса райынан қайтаруға қанша талпынғанымен, нәтиже шықпады. Сонда Пайғамбарымыз (с.а.у) қара тасқа шығып: «Уа, халайық, күә болыңдар! Зайд бұдан былай менің ұлым. Екеуміз бір-бірімізге мұрагерміз» деп, жар салады. Осыдан соң Хариса баласын тастап өз жеріне қайтып кетеді. 

Бұдан былай халық оны «Мұхаммедтің ұлы Зәйд» деп атай бастайды. Алайда, кейіннен Жаратушыдан Құран аяты түсіп, асырап алған баланы өзінің негізгі тегімен шақыруды, болмаса, дін бауыры ретінде көруді бұйырады[1]. Осы бұйрықтан кейін Зайд қайта өз әкесімен атала бастайды. Бұдан кейін де Пайғамбарымыз оған деген мейірімін азайтқан жоқ. Зәйд оның ең жақсы көретін жақыны болды. Пайғамбарымыздың оны жақсы көргені соншалықты жұрт оған «Зәйдуль Хибб», яғни, «сүйікті Зәйт» деген лақап тағады. Кейінгі уақыттарда Зәйдтың баласы Усаманың өзін «Пайғамбар сүйіктісінің ұлы Усама» деп атайтын.

Айтайын дегенім, Пайғамбарымыз Зәйдқа жақсы қарағаны соншалықты, артынан іздеп келген ата-анасын емес, біраз жылдар бойы тәрбиесінде болып келген Пайғамбарымыздың қасында қалуды шешеді. Неге? Пайғамбарымыз бай емес еді. Бірде аш, бірде тоқ күй кешіп жатқан Пайғамбарды неге таңдады? Өйткені, Пайғамбарымыз оған әке орнына әке, шеше орнына шеше бола білді. Міне, әрбір отағасы қарамағындағы өгей баласына деген қарым-қатынасында ардақты Пайғамбарымызды үлгі етуі тиіс. Өгей баласын өз баласындай көре білу - шынайы мұсылмандық сипаты болмақ.  


[1] Ахзаб сүресі, 5-4 аяттар.

Абдусамат Қасым